Жалған диплом жасатқан шенеунікке қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда жалған диплом жасатып алған коммуналдық мекеме басшысына 200 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім етті.

Көкшетау қалалық соты шенеунікке қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 325-бабы 3-бөлігі бойынша жалған құжатты (жоғары білімі туралы дипломды) қолданғаны үшін қылмыстық іс қарады.

Сотта ол 2013 жылы қараша айында жалған дипломы негізінде, «Көкшетау Жылу» ШЖҚ МКМ-не жеке қазандықтың басшысы болып жұмысқа қабылданғаны анықталды.

Ол сотта жасалған қылмыстағы өз кінәсін мойындап, 2002 жылы Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне сырттай оқу бөліміне түскенін айтты. Содан кейін бұрын таныс азаматты кездестіріп, оған 450 АҚШ долларын төлеп, «қаржы және кредит» мамандығы бойынша жалған диплом алды.

Сот үкімімен азамат А. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 325-бабының 3-бөлігімен қарастырылған қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 200 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды.

Мамандандырылған мемлекеттік органға үкімді орындау бақылауы жүктелді.

Соңғы жаңалықтар