Жалған ақпараттар қызылордалық кәсіпорындар жұмысына кедергі келтірді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жергілікті өнімдерге қатысты таралған шындыққа жанаспайтын ақпарат кәсіпорындардың жұмысына кедергі келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай жалған хабарлар әлеуметтік желі арқылы таратылған. Одан зиян шеккен компаниялар қатарында тұз өндіретін «Аралтұз» АҚ мен күріш өнімін шығаратын «Байдала» ЖШС бар. Әлеуметтік желі арқылы таратылған жалған ақпаратта тұз сапасының төмендегені айтылған. Ал онда «Байдаланың» күрішіне қатысты «өнім сапасыз» деген сарында бейнематериал таратылған.

Осыған орай компания басшылары тұрғындардың алаңдауына ешқандай негіз жоқ екенін алға тартады. Олардың өнімдері бұрынғы сапасынан төмендеген емес.

«Біздің өнімнің сапасы күн сайын тиісті органдар тарапынан тексеріліп отырады. Сапасын өте қатаң қадағалаймыз. Айта кетерлігі, «Аралтұз» өнімдерінің үштен екісі шетелге экспортқа шығарылады. Біздің өнімдерімізді алатын елдер сапа мәселесіне баса назар аударады», - деді «Аралтұз» АҚ вице-президенті Евгений Король.

Күріш өндірумен айналысатын «Байдала» ЖШС шығаратын өнімнің сапасы да қалыпты. Ол жөнінде «Қазақстан аграрлық сараптамасы» АҚ Қызылорда филиалының басшысы Мейрамбек Серікбай айтып өтті.

«Біздің облыста зауытта өндірілетін және экспортқа шығарылатын күріштер үш тексеруден өтеді. Олар - сәйкестік, карантиндік және сапа сертификаты. Облыс диқандары еліміз тұтынатын күріштің 80 пайызын өндіреді. Бұрын біздің аймақта өндірілетін күріштің 20-30 пайызы ғана экспортқа шығатын, қазір ол біршама артты. Компанияның күріші - сапалы, халық тұтынып жоғары бағасын алып жүрген, экспортта сұранысқа ие өнім», - деді Мейрамбек Серікбай.

Екі компанияға қатысты жағдай «Атамекен» ҰКП, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Ішкі істер органдары бақылауына алынған. Кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетілуде.

Соңғы жаңалықтар