Жалған ақпарат таратып, халықты үрейлендірудің еш пайдасы жоқ - Махамбет Досмұхамбетов

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының әкім Махамбет Досмұхамбетов өңір тұрғындарын жалған ақпарат таратпауға, сақтық ережелерін сақтауға шақырды. Бұл туралы әкім Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімнің айтуынша, коронавирус инфекциясының алдын алу үшін екі ай бұрын облыстық әкімдікте арнайы штаб құрылған. Карантиндік орындар дайындалып, қауіпсіздік шаралары атқарылуда. Халық көп шоғырланатын жерлерге дезинфекция жасалып, санитарлық бекеттер ашылды. Қажетті дәрі-дәрмек пен аппараттар алынды.

«Бұл – арқаны кеңге салатын тұмау емес, аса қауіпті әрі жылдам таралатын инфекция. Сондықтан, жақындарымыздың қауіпсіздігін ерекше ойлауымыз керек. Әр азаматтың өзі үшін, отбасы мен туған-туысы үшін үлкен жауапкершілікті сезінетін мезгіл – дәл осы уақыт. Мұны неге айтып отырмын? Бізге қазір ең алдымен тәртіп керек! Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының өзі «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегенін білесіздер. Сондықтан, бәріміз тиісті ережелерге бағынайық. Көп адам жиналатын іс-шараларға, туған-туысқа барып, той тойлауды кейінге қалдыруларыңызды сұраймын. Гигиеналық тазалыққа мән беріп, артық жүрісті азайтқан абзал. Барынша үйлеріңізде болыңыздар. Бізге ең үлкен көмектеріңіз сол болмақ. Сонда инфекцияның таралмауына, өзгелердің өміріне қауіп төндірмеуге өлшеусіз үлес қосасыздар» -деп жазды облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Сондай-ақ, әкім сын сағатта жұдырықтай жұмылу қажеттігіне тоқталды.

«Қазір сын айтып, мін тағып отыратын уақыт емес. Жалған ақпарат таратып, жамандық шақырып, халықты үрейлендірудің еш пайдасы жоқ. Керісінше, сын сағатта жұдырықтай жұмылып, бір-бірімізге қамқоршы, тілеулес болайық. Бір-бірімізге жанашырлықпен қарайық. WhatsАapр арқылы келген байбаламдарға ермей, ақпаратты тек ресми дерек көзінен ғана алуларыңызды сұраймын» -деді әкім Махамбет Досмұхамбетов.



Соңғы жаңалықтар