Жалға берілетін үйлерден қандай жағдайда шығарып жіберуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы бойынша жалға берілетін пәтерге ие болатын көпбалалы отбасылар қандай шарттарды сақтауы керек ?

Баспанада тұру талаптарын Үкіметтің баспасөз орталығында Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалға берілетін пәтерлерден қандай жағдайда шығарамыз - заңда бәрі тайға таңба басқандай жазылған. Мәселен, егер алты ай бойы жалға берілетін үйдің төлемін және коммуналдық төлемді өтемесе, берілген мүлікті әдейі бүлдірсе, көршілері шағымданса, берілген пәтерді басқа да бір мақсатқа пайдаланса (хостел, дүкен), сонымен бірге пәтерді басқа біреуге жалға бергісі келсе - мемлекет пәтерді қайтарып алады», - дейді вице-министр.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуына қарағанда, көпбалалы отбасы басқа үй сатып алған жағдайда жалға берілген үйді мемлекетке тапсыруы тиіс. Сондай-ақ, пәтер ұнамаған жағдайда отбасы одан бас тарта алады. Бірақ, бұл жағдайда аталмыш отбасы кезектегі орнынан айырылатынын ескеруі керек.

«Біз кезек тәртібі бойынша жұмыс жүргіземіз. Азаматтар берілетін пәтерге ие болады. Әзірге бас тартып жатқандар жоқ. Теориялық тұрғыда отбасылар берілген үйде тұрғысы келмейтінін, келесі үйді күтетінін айта алады. Алайда бұл жағдайда ол отбасы жалға берілетін үйді кейін алатынын ескерген абзал», - дейді вице-министр.

Еске сала кетсек, аталмыш баспасөз мәслихатында Қайырбек Өскенбаев биыл 6 мың пәтер көпбалалы отбасыларға жалға берілетінін мәлім еткен болатын. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде 31750 көпбалалы отбасы пәтер кезегінде тұр.

«2025 жылға дейін қаражат толық көзделгенін өздеріңіз білесіздер. 40 мыңнан астам пәтер саламыз деп отырмыз. Биыл жалға берілмейтін және сатылмайтын 6 мың пәтерді тапсырамыз. Ол жұмыс басталып кетті», - дейді вице-министр.

Сондай-ақ, Қайырбек Өскенбаев «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасылар жалға берілетін пәтерде қанша уақыт тұра алатынын айтты

Соңғы жаңалықтар