Жалға берілетін пәтерлердің жартысынан салық түспейді - Қаржы министрлігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жалға берілетін пәтерлердің 40-50 пайызынан салық түсімі түспей, ол пәтерлер «көлеңкеде» қалған. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Камералдық мониторинг басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Ербол Амерханов Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғын үйлерді заңсыз жалға беру мәселесі сөз болған жиында айтылғандай, қазіргі уақытта жылжымайтын мүлікке байланысты бизнес - табысы мол кәсіп көзі. Бірінші кезекте жылжымайтын мүлікті жалға беруге жеке тұлғаның да және оның ішінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген заңды тұлғалардың да құқығы бар.

«Жеке тұлға мүліктік табыс алған кезде салық есептілігін тұрғылықты жер бойынша табыс етуге міндетті. Бұл жағдайда салық мөлшері табыс мөлшерінің 10 пайызын құрайды. Егер жеке тұлға кәсіпкер ретінде тіркелсе, онда салық кодексімен режимді таңдау құқығы белгіленген. Біріншісі - ол патент негізіндегі арнайы салық режимі. 2018 жылдың басынан бастап патент негізіндегі салық режимінің ставкасы пәтерді жалға беретіндер үшін 2-ден 1 пайызға дейін қысқартылды. Бұл механизм жалдамалы еңбекті пайдаланбайтын және табысы 7 млн теңгеден аспайтын адамдар үшін қолжетімді. Мысалы, егер жеке тұлға пәтерін айына 100 мың теңгеге жалдауға беретін болса, онда жеке тұлға кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент негізінде арнайы салық режимін таңдап, кіріс сомасының 1 процентін салық ретінде төлейді. Мұнда негізгі талап - жалдамалы жұмысшылардың болмауы және салық алдын ала төленуі керек», - дейді Ербол Амерханов.
null 

Оның айтуынша, Мемлекеттік кірістер органдары тұрақты түрде ішкі істер органдары мен әкімдіктермен бірге жауапсыз жалға берушілерді табу бойынша рейдті жүргізіп келеді. Құзырлы органдармен бірлескен рейд жұмыстарының нәтижесінде 2017 жылы өздігімен 9 мың жалға беруші кәсіпкер өздігімен тіркелді. 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша тағы 7 мың жалға беруші кәсіпкер өздігімен тірелгені белгілі болып отыр.

«Жалға беріліп жатқан баспаналардың көбі әлі де көлеңкеде қалып қойып жатыр. Бекітілген мерзімде салықтық есепті бермеген жалға берушілер үшін бірінші жағдайда ескерту жасалады. Жалға беруші оны ескермесе 15 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Жауапкершіліктен жалтармау үшін біз жалға берушілерге заңды сақтауға шақырамыз. Біздің ойымызша Қазақстандағы жалға беріліп жатқан пәтерлердің 40-50 пайызы әлі де көлеңкеде. Оларды заңға жүгіндіру бағытында жұмыс жүргізілуде», - дейді Ербол Амерханов.

Соңғы жаңалықтар