Жалақыға демеу қаржы беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқына жасаған Жолдауында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды тапсырамын.

Бағдарламаны қаржыландыру көлемі 2009-2010 жылдары жүзеге асырылған осыған ұқсас Жол картасымен салыстырғанда ұлғайтылған болуы тиіс. Бұл жергілікті инфрақұрылымдарды дамыту мен елді мекендерді абаттандыру жобалары есебінен еңбек рыногының тұрақтылығын қамтамасыз ететін болады» деп мәлімдегені белгілі.

Осыған орай Қазақстан Үкіметі «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер жұмыс орындарын сақтауға және жаңадан құруға, қызмет көрсету салаларындағы жұмыс орындарын кеңейтуге бағытталған. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова хабарлады. «Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда өндіріс көлемі немесе өнім бағасы төмендеген жағдайда қысқартылған жұмыс уақыты үшін жұмысшылардың жалақысының бір бөлігіне уақытша демеу қаржы беру механизмін енгізу қарастырылуда»,- деп түсіндірді министр. Уақытша демеу қаржы беру механизмін негізгі өндірісте жұмыс істейтін жұмысшыларға ғана қолдану жоспарлануда. Қаражаттандыру тетігі алдымен 6 айға дейін созылады, егер мүмкіндік болса одан әрі тағы жарты жылға ұзартылады.

Бұған қойылатын басты талап - өнеркәсіптік кәсіпорын қала құраушы болып табылуы тиіс. Оның экспортқа шығарылатын тауарларының үлесі өндірілетін өнімнің жалпы көлемінің кем дегенде 30 пайызын құрауы керек. Сондай-ақ, ішкі нарыққа шығарылатын тауарларының үлесі облыстық көлемнің кем дегенде 30 пайызын, республикалық көлемнің кем дегенде 10 пайызын құрауы тиіс. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қатысты тағы бір жаңалықты Тамара Дүйсенова: «Өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысшыларының жұмыс орындарын сақтай отырып, оларды оқыту үшін жұмыс берушілерге грант беру қарастырылған. Атап айтарлығы, бұл гранттардың 80 пайыз шығыны мемлекет есебінен жабылады. Оқытудың құны кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында бекітілген бағаның көлемінде есептеледі. Қалған 20 пайызды жұмыс беруші өз есебінен төлейді»,- деп түсіндірді.

Жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде 18-24 жас аралығындағы жұмыс істейтін жастарға кәсіптік білім беруді ұйымдастыру кезінде олардың жұмыс орындары сақталған жағдайда еңбеқақысын төлемей оқыту ұсынылған. Үкімет жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды жоспарлады. Солардың бірі - микронесиелеудің көлемін кеңейту. Министр түсіндіргендей, микронесиелеудің бір бөлігін ұсақ тауарлы өндірістерді (шағын құс фермалары, сүт өндіретін кәсіпорындар, мал бордақылайтын алаңдар) құруға бағыттауға және оларды ауыл кооперативтеріне біріктіру ұсынылуда. Мұндай бірігу нәтижесінде өнімдерді қайта өңдеу және тұтыну мәселелері оң шешіледі. Тамара Босымбекқызының пікірінше, ұсақ тауарлы өндірістерді ашу ауылдағы кәсіпкерлікпен шұғылданатын отбасыларды бір жерге біріктіруге және қосымша жұмыс орындарын құруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыру үшін министрлік микронесиенің көлемін 6 млн. теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынды.

 

Соңғы жаңалықтар