Жалақы төлеудің жаңа жүйесі: Бонустарға салоннан көлік алуға болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі факторлық-баллдық шкала бойынша жалақы төлеудің тиімділігін түсіндірді. Бонустарға көлік сатып алуға, я болмаса, оны баспананың алғашқы жарнасы ретінде құюға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қалалық департаментінің жетекшісі Жазира Жылқышиеваның айтуынша, жаңа жүйе бойынша бонустар жылдың соңында төленеді. Оны келесі жылдан бастап енгізу жоспарланған. Соның арқасында 6-12 лауазымдық жалақының мөлшерін алуға болады.

«Бонустар қалай есептеледі? Әрбір мемлекеттік қызметшінің жеке бағдарламасы бар. Онда нақты көрсеткіштер жазылған. Соған сәйкес, жұмыстың тиімділігі бағаланады. Мәселен, бюджеттің ақшасын толығымен игеруге қатысты міндет бар. Оны 100 процентке орындамаса, жеке бағдаламасын орындамаған болып саналады. Бұдан бөлек, жылына 500 кездесу өткізу керек деген міндет болса, бірақ оның 400-ін ғана өткізсе, ол да жоспарды орындамады деген сөз. Соған қарай бонустар беріледі. Қазір сыйақылар бәріне бірдей беріледі. Мереке қарсаңында жоспарды орындадың ба, жоқ па, оған қарамастан бәріне төленеді. Ал бонус берудің жүйесі бөлек», - деді Ж.Жылқышиева Астанада өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, жеке бағдарламасын толығымен орындап шыққан әрі өзіндік бастамаларымен көзге түскен мемқызметшіге барлық бонусты, яғни 12 айдың жалақысын беруге әбден болады.

«Бұл жерде әрбір қызметшінің жеке жауапкершілігі артады. Мысалы, біздің департаментте барлық қызметшілер тәртіптік жазаны алмауға тырысады. Себебі жазаға тартылса, ешқандай бонус берілмейді. Негізі, 4 айлық, 6 айлық және 12 айлық жалақы - бұл әжептәуір ақша. Бір жылдық бонусты есептесеңіз, салоннан жаңа көлік алып кетуге болады. Ол ақшамен тұрғын үй бағдарламасына да қатысуға мүмкіндік бар», - деп атап көрсетті Ж.Жылқышиева. 

Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жалақы бойынша жаңа жүйенің нәтижесін жариялады. Аталған жүйе ҚР Әділет министрлігі, Астана қаласы және Маңғыстау облыстық әкімдігінде пилоттық режимде қолға алынған болатын. Аталған бастама орталық және жергілікті мемлекеттік орган қызметшілерінің жалақыларын теңестіруге мүмкіндік беріп отыр.

«Мысалы, бұрын Астана қаласы әкімдігінің бас маманы министрлікте отырған бас сарапшыдан орташа есеппен ай сайын 70 процентке аз жалақы алатын. Ол - шамамен 115 мың теңге. Қазіргі кезде ондай айырмашылық 10 процентті құрайды. Әкімдіктің бас сарапшысы 210 мың теңге алады. Соның арқасында Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарында кадрлардың кетуі екі есеге азайды. Биылғы 8 айда тек 16 адам жұмыстан кетті. Бос орынға конкурстар 7 есе өсті. Бұрын бір бос жұмыс орнына екі-ақ үміткерден тіркелсе, енді олардың саны жиырма адамға жетті», - дейді Ж.Жылқышиева.

Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі - жұмыс тәжірибесін есептеудің тың тәртібі. Бұрын жалпы мемлекеттік қызмет өтілі ескерілетін болса, ендігі жерде ұқсас лауазымдар бойынша функционалдық бағыттардағы тәжірибесі ескеріледі. Мәселен, кеңсе бас маманы басқа мемлекеттік органға ауысса, жаңа жұмыс орнында оның лауазымдық тәжірибесі ескеріледі. Бұдан бөлек, болашақта жоғарылату кезінде жалақы белгілегенде төмен тұрған лауазымдағы жұмыс өтілі де ескеріледі. Ондай тәсілдерді ЭЫДҰ озық елдері (Франция, Германия, АҚШ) қолданады.  

 

Соңғы жаңалықтар