Жалақы төлеудің жаңа жүйесі: Бонусқа автокөлік алу үшін не істеу керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келесі жылдан бастап барлық мемлекеттік органдарға жалақы төлеудің жаңа жүйесін енгізуді тапсырды. Негізгі мақсат - жұмыстың тиімділігін арттыру.

Бұған дейін пилоттық жоба төрт меморганда - ҚР Әділет министрлігі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі, Астана қаласының әкімдігі мен Маңғыстау облыстық әкімдігінде қолға алынды. Барлығында жаңа бастама оң нәтиже көрсетті. Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі есеге өсті. Ал бонустарға автосалоннан су жаңа көлік алуға болады екен. ҚазАқпарат тілшісі жалақы төлеудің жаңа жүйесін жан-жақты сараптап шықты.

Шымкент қаласына жасаған сапары кезінде Президент жалақы төлеудің жаңа жүйесі жайында айта келе, келесі жылдан бастап оның жергілікті атқарушы органдарда енгізілетінін жеткізген болатын. Ал 5 қазан күні Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған кезде барлық мемлекеттік органдарға таратуды тапсырды. Себебі осы уақытқа дейін жаңа жүйе төрт бірдей меморганда сыналды және оң нәтижесін көрсетті. Мемлекеттік қызметке барғысы келетін азаматтардың саны көбейді. Әсіресе, аймақтарда мамандардың жұмысқа деген құлшынысы артты. «Бұл бастаманың негізгі идеясы мынада, мемлекеттік органның бюджеті сол күйінде қалады. Алайда жұмысты оңтайландырудың арқасында біраз ақшаны үнемдеуге мүмкіндік бар. Дәл осы қаржыны жалақыға жұмсауға болады. Сонда мықты мамандар ғана қалады. Жұмыстың тиімділігі де артады», - деді Н.Назарбаев.

Пилоттық жобаны іске асырған меморгандардың бірі - Маңғыстау облысының әкімдігі. Өңір басшысы Ералы Тоғжановтың айтуынша, әкімдікте жаңа жүйенің арқасында қызметкерлердің жалақысы 2-2,5 есеге өсті. Ал оңтайландыру шаралары кезінде 84 жұмыс орны қысқартылды. Соның ішінде 24 басшылық қызмет бар екен. Содан үнемделген бюджет қаржысы қалған мемлекеттік қызметшілердің арасында таратылды. Ал жалақы көтерілгеннен кейін мемқызметке барамын дейтіндердің саны артты. «Бұрын конкурс кезінде бір орынға 2 адам қатысса, бүгінде олардың саны 16-ға дейін жетті. Осылайша, мемлекеттік қызметтің дәрежесі көтерілді. Кадр тұрақтылығы байқалып отыр», - дейді Е.Тоғжанов.

Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың сөзіне қарағанда, жаңа жүйенің басты жетістігі - бәсекелестік. Мемлекеттік қызметшілер арасындағы бәсекелестік қыза түсті. Себебі барлығы жоғары жалақыны ғана емес, бонустарды да алуға тырысады. Ал, ең бастысы, бәсекелестіктің нәтижесінде жұмыстың тиімділігі артып отыр. Мемлекеттік қызметтің дәрежесі ғана емес, сапасы да көтерілді. «Біріншіден, мотивация бар. Себебі жалақы көтеріліп отыр. Мәселен, бізде жалақының мөлшері 2,6 есеге көбейіп отыр. Екіншіден, оңтайландыру кезінде мемлекеттік органдар отырған үй-жайлар босатылады. Мәселен, аудандарда меморгандар әр жерде отырады. Оған бюджеттен қыруар қаржы жұмсалады. Ал жалға алып отырған үй-жайлардың үштен бірін босатсақ, біраз қаражатты үнемдеуге болады», - деп атап көрсетті А.Шпекбаев Ақордада өткен жиында.

Пилоттық жоба Астана қаласының әкімдігінде де сынақтан өтті. Онда да жаңа жүйенің тиімділігі анық байқалды. Мәселен, Астана қаласы әкімдігінің бас маманы министрлікте отырған бас сарапшыдан орташа есеппен 70 процентке аз айлық алып тұрған. Ол - шамамен 115 мың теңге. Ал жаңа жүйенің арқасында ол айырмашылық 10 процентке дейін азайды. Әкімдіктің бас сарапшысына ай сайын 210 мың теңге төлеп отыруға мүмкіндік туды. Соның нәтижесінде кадрлардың кетуі екі есеге азайды. Ағымдағы жылы 8 айда тек 16 адам ғана жұмыстан кеткен. Конкурс кезінде бос орынға үміткерлердің саны 7 есеге өсті. Бұрын бір бос жұмыс орнына екі-ақ үміткерден тіркелсе, бүгінде олардың саны жиырма адамға жетті.

Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі - жұмыс тәжірибесін есептеудің тың тәртібі. Бұрын жалпы мемлекеттік қызмет өтілі ескерілетін болса, ендігі жерде ұқсас лауазымдардың тәжірибесі де ескеріледі. Мәселен, кеңсенің бас маманы басқа мемлекеттік органға ауысса, жаңа жұмыс орнында оның лауазымдық тәжірибесі есепке алынады. Бұдан бөлек, болашақта маманды қызмет бабымен жоғарылату кезінде оның төмен тұрған лауазымдағы жұмыс өтілі де ескеріледі. Ондай тәсілдерді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттер кеңінен қолданады екен.

Ал бонустарға келер болсақ, бір жылдың қорытындысы бойынша біршама байып шығуға болады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қалалық департаментінің жетекшісі Жазира Жылқышиеваның айтуынша, бонустарға көлік сатып алуға, не болмаса, оны баспананың алғашқы жарнасы ретінде құюға болады. Себебі жұмыстың нәтижесіне қарай 6-12 лауазымдық жалақы төленеді. «Бонустар қалай есептеледі? Әрбір мемлекеттік қызметшінің жеке бағдарламасы бар. Онда нақты көрсеткіштер жазылған. Соған сәйкес, жұмыстың тиімділігі бағаланады. Мәселен, бюджеттің қаражатын толығымен игеруге қатысты міндет бар. Оны 100 процентке орындамаса, жеке бағдарламасын орындамаған болып саналады. Бұдан бөлек, жылына 500 кездесу өткізу керек деген міндет болса, бірақ оның 400-ін ғана өткізсе, ол да жоспарды орындамады деген сөз. Соған қарай бонустар беріледі. Қазір сыйақылар бәріне бірдей беріледі. Мереке қарсаңында жоспарды орындадың ба, жоқ па, оған қарамастан бәріне төленеді. Ал бонус берудің жүйесі бөлек», - деді Ж.Жылқышиева Астанада өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның сөзіне қарағанда, жеке бағдарламасын толығымен орындап шыққан әрі өзіндік бастамаларымен көзге түскен мемқызметшіге барлық бонусты, яғни 12 айдың жалақысын беруге әбден болады. «Бұл жерде әрбір қызметшінің жеке жауапкершілігі артады. Мысалы, біздің департаментте барлық қызметшілер тәртіптік жазаны алмауға тырысады. Себебі жазаға тартылса, ешқандай бонус берілмейді. Негізі, 4 айлық, 6 айлық және 12 айлық жалақы - бұл әжептәуір ақша. Бір жылдық бонусты есептесеңіз, салоннан жаңа көлік алып кетуге болады. Ол ақшамен тұрғын үй бағдарламасына да қатысуға мүмкіндік бар», - деп атап көрсетті Ж.Жылқышиева. 

Осылайша, факторлық-баллдық шкала негізінде мемлекеттік қызметшілер арасындағы бәсекелестікті барынша арттыру жоспарланған. Соның нәтижесінде жұмыстың тиімділігі артады. Мемлекет басшысының айтуынша, қысқартуға ұшыраған адамдарды да ұмытпау қажет. Оларға көмек көрсетіп, жұмыс табуға қолғабыс жасаған жөн. «Әрине, кейбір адамдар үшін оңтайландыру шаралары оңайға түспейді. Дегенмен, сан алуан бастықтар қысқарды, тұтас бөлімдер жабылып жатыр. Соның арқасында жалақы екі жарым есеге өсті. Мемқызметке кәсіби мамандар келе бастады. Міне, сапалы жұмыс деген осы. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге барлығы көшуі керек. Енді, оны қалай болса, солай істей салуға болмайды. Бәрін ақылмен жасау қажет. Ең бастысы, мемлекеттік басқарудың сапасына нұқсан келтірмеуіміз керек. Әйтпесе, бір бөлімде он адам отырса, барлық жұмысты үш-ақ адам ақ тер, көк тер болып істейді. Қалғаны қағаздардың орнын ауыстырумен отырады. Бұны жақсы білеміз ғой», - дейді Н.Назарбаев. 

Айтпақшы, Жолдау кезінде Президент «Жаңа формацияның басшысы» деген бағдарламаны әзірлеуді тапсырды. Соның аясында арнайы курстар болады. Одан барлық басшылар өтеді. Ал сүрінсе, жоғары қызметке тағайындалмайды. «Жаңа формацияның басшысына» арналған сынақты даярлау міндеті Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Назарбаев Университетіне жүктелді.

Соңғы жаңалықтар