Жалақы төлемеген «Мұнай Сервис Ақтөбе» компаниясының мүлкі сатылып жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Ақтөбедегі өндіріс орындарында 12 адам қаза болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы биыл 600-ден астам тексеру жүргізіп, 16 миллион теңгеге әкімшілік айыппұл салды. Жұмыс берушілер еңбек қатынастары талаптарын сақтамағаны, еңбек қауіпсіздігі мәселелерін  ескермегені анықталды. 

«Жұмысшылардың көбі уақытылы жалақы ала алмаған кезде шағым түсіреді. Наразылық акциялары болған жоқ. Дегенмен, мұнай компанияларында, шағын бизнесте еңбекақыны кешіктіру жағдайлары тіркелді. Мәселен, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректорына қатысты бірнеше шағым түсті. Кейбірі жұмыстан негізсіз шығарылғанын, екіншісі жалақы мәселесімен келді. Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстарынан соң «Мұнай Сервис Ақтөбе» ЖШС жұмысшыларына қарызын қайтарып жатыр. Әлі де 2,9 миллион теңге қарыз. Компанияның үстінен қылмыстық іс қозғалып, сот орындаушылары мүлікті сатуға шығарды. Ақша еңбекақы қарызын өтеуге жұмсалады»,- деді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев.

Айта кетейік, Ақтөбеде өндірістік жарақат артып келеді. Жыл басынан бері 71 адам жұмыс орнында зардап шекті. Олардың 12-і қаза болды. Жазатайым жағдайлар көбіне тау кен саласында және мұнай, құрылыс компанияларында жиі тіркеледі. Биыл Хромтау ауданындағы Дөң кен байыту комбинатында 5 адам қаза болды. Барлығы 6 қылмыстық іс тіркеліп, қазір екі іс сотқа жолданды.

 

Соңғы жаңалықтар