Жалағашта ет консервілейтін кәсіпорын ашылды

None
None
ЖАЛАҒАШ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш ауданында ет бумалау және консервілеу цехы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбавтың 2018 жылғы Қазақстан халқына жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігі айтылған.

Аталмыш цех Жалағаш ауданы Таң ауылдық округіне қарасты Жаңақоныс елді мекенінде орналасқан. «АгроЛидер Таң» ЖШС-не қарасты ет бумалау, консервілеу цехы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асқан. Мұнда күніне 10 ірі қара сойылып, 500 келі ет өңделеді. Цех құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталған еді. Ғимаратта мал сою, ет кесу және бумалау бөлмелері, мұздатқыш орналасқан. Жауапты жұмысты ветеринар, технолог, зертханашылар атқарады.
null

«Біздің өнімді әзірге өңір тұрғындары тұтынуда. Алдағы уақытта нарық ауқымын ұлғайтып, басқа облыстармен байланыс орнатуға бекініп отырмыз», - деді «АгроЛидер Таң» ЖШС директоры Сәкен Шағыртаев.

Бүгінде Сыр өңірінде мал басы өсіп келеді. Қазіргі таңда облыста 350,9 мүйізді ірі қара, 821,2 мың қой мен ешкі, 147,9 мың жылқы, 51,9 мың түйе бар деп есептеліп отыр. Жыл басынан бері тірілей салмақта 13,4 мың тонна ет өндірілген.

Сондай-ақ, биыл мамыр айында Қызылорда қаласына қарасты Талсуат ауылында ет комбинатының іргетасы қаланды. Облыс орталығында салынып жатқан комбинат вакуумдық қаптамада жылына 5 мың тонна терең өңделген ет өндіреді.

Соңғы жаңалықтар