Жалағашта Бұқарбай батырдың 150 жыл бұрынғы қылышы сақтаулы тұр

None
None
ЖАЛАҒАШ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш ауданында Бұқарбай батырдың бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын жасалған қылышы жақсы күйде сақталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұқарбай батыр 1822 жылы Жалағаш ауданы аумағында дүниеге келіп, 1898 жылы сол маңдағы Қараөзек өзені бойында өмірден өткен. Кенесары жетекшілік еткен көтеріліске қатысып, ұлт-азаттық жолында ержүректік қасиетін көрсеткен.

Бүгінгі таңда Жалағаш ауданында Бұқарбай батыр ауылы бар. Онда қас дұшпанға қасқайып қарсы шапқан баһадүррге арналған музей үйі орын тепкен. Сол тарихи үйде көненің көзіндей болған жәдігер ерекше назар аудартады. Ол - батырдың кезінде талай дұшпанға ажал құштырған қайқы қылышы.

Бұл жөнінде тарихи орынның қызметкері Мереке Алдабергенқызы қажетті деректерді айтып береді. Қайқы қылыш күні кеше пайдаланған дүние секілді көрінеді. Аталмыш жәдігердің ешбір жерінен шірігені байқала қоймайды. Күні кеше ғана пайдаланылған секілді. Жүзінің де майырылған жері жоқ.

«Бұл жәдігерді Бұқарбай батырдың шөбересі Жоламан Алданазаров өткізді. Болаттан жасалған бұл дүниеде ешқандай ою-өрнектің ізі байқалмайды», - дейді Мереке Алдабергенқызы.

Жүзінің бас жағы аздап ойыңқы көрінеді. Сол тұсы жиі-жиі қайраққа түскен болуы мүмкін. Қылыштың аталған тұсы соғыс кезінде жауға пайдаланылған. Қылыш ағаштан жасалған қында тұр. Қынның қылыш салатын бұйым екенін халық жақсы біледі.

Соңғы жаңалықтар