Жақып Асанов Жоғарғы сот төрағасы қызметінен босатылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Жақып Асанов Жоғарғы Сот төрағасы қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конституцияға сәйкес Мемлекет басшысының ұсынуымен еліміздің Жоғарғы Сотының төрағасын қызметінен босату және сайлау, сондай-ақ оның антын қабылдау Сенаттың қарауына жатады.

ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеудің айтуынша, Жақып Асановтың желтоқсан айында өкілеттігінің аяқталуына байланысты және басқа қызметке ауысуына орай Жоғарғы Соттың төрғасы лауазымынан босату туралы ұсыным енгізілді.

«Жақып Қажыманұлы сот жүйесін бес жыл бойы абыроймен басқарды. Еліміздің, құқықтық жүйенің дамуына, заң үстемдігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Әділетті Қазақстан бағытында көптеген реформалар қолға алынды. Жақып Асанов бірталай келелі істі дұрыс атқарды деп санаймыз», - деді М. Нұртілеу.

Жақып Қажыманұлы Асанов 1963 жылы 17 тамызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған.

Университетті аяқтағаннан кейін Қызылорда облыстық адвокаттар коллегиясына тағылымдамашы болып қабылданады.

1986 жылдан 1993 жылға дейін Қызылорда облысының прокуратура органдарында қызмет атқарып, Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі, облыс прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі және облыстық прокуратураның бөлім бастығы лауазымдарында жұмыс істеді. 1993 жылдан 1994 жылға дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Жалпы қадағалау басқармасының аға прокуроры, Жалпы қадағалау басқармасының банктер, қаржы-несие саласындағы және тексеру органдарындағы заңнаманың сақталуын қадағалау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады.

2016 жылғы 25 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры лауазымына тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Жақып Қажыманұлы Асанов Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2017 жылғы 11 желтоқсандағы № 273-VI ПС қаулысымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы қызметіне сайланды.


Соңғы жаңалықтар