Жақып Асанов білікті заңгерлердің судья болуға неліктен талпынбайтынын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Судьялардың отбасына көңіл бөлуге мүмкіндігі аз. Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген мәжілісінде осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот жүйесіндегі кадрлық реформаларға тоқталған Жақып Асанов 2017 жылы Қазақстан көлемінде судьялардың қызметтен өз еркімен кету көрсеткіші бойынша тарихта болмаған статистика тіркелгенін еске алды.

«2017 жылы судьялардың өз еркімен қызметтен кетуі жиілеген болатын. Қазақстан сот жүйесінің тарихында бұрын-соңды ондай статистика тіркелмепті. Оның себебі көп. Мысалы, бір судья күніне 10 шешім қабылдауы керек. Яғни, судьяның отбасына көңіл бөлуіне мүлде мүмкіндігі жоқ. Сол үшін олардың жүктемесін азайту бойынша заңға өзгерістер енгіздік. Жыл басынан бері сот ісіне қатысты 16 заңды жаңартуды қолға алдық. Қазір оның алтауы қолданыста. 7 құжат Парламент қарауында жатса, 3 құжат мемлекеттік органдардың мақұлдауын күтуде», - дейді Жоғарғы сот төрағасы.

Өз сөзінде Жақып Асанов білікті заңгерлердің судья болуға құлықсыз екенін де айтты.

«Судья болуға білікті мамандар құлықсыз. Өйткені судья болудың қиындығын біледі. Әлеуметтік тұрғыда дұрыс қорғалмаған Бұған дейін жүктемесі ауыр еді. Карьералық өсу, басшылыққа тағайындау, жақсы қалаларға ауысу процестерінде әділдік аз болды. Соңғы 10 жылда судьялардың жүктемесі ұдайы артып келген. Былтыр ғана азайды. Соның арқасында биыл судья болуға ниеттілердің саны 2 есеге өсіп, ең бастысы білікті судьялардың өз еркімен кетуі тоқтады, - деді ол.

Айта кетсек, биыл жыл соңына қарай қызмет бабындағы судьялардың лауазымына қаншалықты лайықты екенін тексеру басталады.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановқа сот жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырған болатын.

Алдағы 2,5 жылдың ішінде сот жүйесі лайық емес кадрлардан толық тазартылмақ.

Соңғы жаңалықтар