Жақып Асанов Ақтау қалалық сотының төрағасына қатысты жағдайға түсінік берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиевке қатысты қызметтік тексеріс бойынша түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер компанияда қызметкер нашар жұмыс істесе, оны бірден қызметінен босатады. Ал сотта бұлай істеуге болмайды. Сотта көп сатылы рәсім іске асырылады және ол жарты жылға жалғасады. Осы қарастыру процесі жаз кезінде басталған болатын. Жазда бұл мәселеге қатысты шағым түсіп, кейіннен жазба өтініші болды. Яғни бұл рәсім дұрыс, барлық елдерде осылай іске асырылады. Атап айтқанда, Жоғарғы сот немесе облыстық сот төрағасы судьяны бірден жұмысынан босата алмайды. Бұл тұрғыда тәуелсіздік кепілі бар», - деді Ж. Асанов Сенаттың жалпы отырысында.

Осы орайда ол қандай жағдайда судья қызметінен босатылатынын түсіндірді.

«Біріншіден, көп сатылы рәсімдерден өту керек. Екінші жағынан жоғары тұрған сот инстанциясы судья үкімі мен шешімінен өрескел заң бұзушылықтарды анықтаса, тиісті талқылау жүргізіледі. Осы жағдайлар сот жюриінде талқылау жүргізуге бастама бола алады», - деді Жоғарғы сот төрағасы.

Сонымен қатар Жақып Асанов аталған судьяның мәселесін қарастырудың алдағы тәртібіне тоқтала келе, «Менің пікірім мен сот жюриінің көзқарасы сәйкеспеуі мүмкін. Осы мәселеде 9 судья шешім қабылдады. Осыған дейін Маңғыстау облыстық сотында және судьялар одағы комиссиясында шешім жасалды. Яғни бағаны судьялар береді. Енді бұл мәселе Жоғарғы сот кеңесінің алаңында қарауға шығарылады. Қазіргі кезде оның лауазымы уақытша тоқтатылды, жұмыстан босатылған жоқ. Барлық материалды қарағаннан кейін, өзімнің пікірімді қалыптастырамын», - деді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиевке қатысты жағдайға Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімет берген еді.

Соңғы жаңалықтар