Жақында мектеп бітірген түлек интернет-алаяқтыққа қатысты күдікті ретінде ұсталды - СҚО

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавл қаласының полицейлері алматылық интернет-алаяқты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомстводан хабарлағандай, Петропавл қаласы ІІБ қылмыстық полиция қызметкерлері Алматыға арнайы барып, күдіктіні қолға түсірген. Ол - жақында ғана мектеп бітірген алматылық тұрғын болып шықты.

«Петропавл қаласының тұрғыны арзан айфон сатып алмақ болған. OLx.kz желісіндегі тегін хабарландырулар порталында ол 25 мың теңгеге айфонның сатылатынын көреді. Талап бойынша алдын-ала qiwi-әмиян арқылы 20 мың теңгені аудару керек болған. Петропавлдық ақшаны аударғанымен, сатушының нөмірі өшіп қалған», - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, алаяқ өзін виртуалды кәсіпкер ретінде таныстырған. OLx.kz желісінің сайтында ол фирмалық тауарларды арзан бағада ұсынатын парақша ашып алған. Жеке куәлігінің көшірмесін жіберген кезде сатып алушы алданып қалса керек. Ал жеке куәліктің көшірмесін алаяқ интернеттен жүктеп алған. Міне, осылайша, алаяқ бөтен адамдардың жеке куәлігінің көмегімен өзінің қылмыстық пиғылын іске асырған.

«Аталған «фирмадан» қанша адамның алданғанын әлі анықтауға тура келеді. Қазір аталған іс петропавлдық полицейлерге берілген. Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша жауапқа тартылған күдіктінің қылмысы дәлелденген жағдайда ол 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар