Жақын күндері вакцина келеді деп үміттенуге әлі ерте – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» Эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, дәлелді медицина сарапшысы Рафаиль Қыпшақбаев коронавирустың мутациясы мен кезекті толқынының алдын алу жөнінде сұхбат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, барлық уақытта вирус пен бактериялардың мутациясы өздеріне қарсы қолданылатын дәрілік заттарға төзімдірек етеді. Бактериялар әдетте антибиотиктерге, ал вирустар – басқа препараттардың әсеріне төзімді болады, ағзаға тез еніп, жылдам әсер етеді. Яғни, кез келген мутация аурудың күшеюіне және адамның азырақ қорғалуына әкеп соғады.

«Коронавирус жөнінде пікір білдіру өте қиын. Бұл дегеніміз қайыры жоқ, жаңа әрі зерттелмеген іс. Біз қазір тек болжам жасай аламыз. Қолда бар деректерге сүйене отырып, қандай да бір сценарий құруға болады, бірақ ешкім нақты ештеңе айта алмайды. Сондықтан инфекция таралады деген болжам бар. Әзірге ең ықтимал болжам осы», - деп атап өтті сарапшы.

Медицина маманы коронавирустың кезекті толқыны бола ма, болған жағдайда неден сақтану керек деген сұрақтарға жауап берді.

«Қазіргі уақытта шекара маңындағы облыстар карантинге жабылды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында ауру бойынша ең жоғары көрсеткіш байқалуда. Коронавирустың екінші толқыны болса, неден сақтануымыз керек? Ең алдымен адам бұл вирусты жұқтыруы мүмкін және салдары қайғылы болуы мүмкін, вирус жұқтырудан сақтану керек. Сондықтан, бұл ретте халық бірінші локдауннан кейін босаңсыды. Яғни, олар маска тағуды, әлеуметтік қашықтықты сақтауды қойды. Дәл қазір мұның өміріміздің шындығы болғанын түсіну керек. Коронавирустың өмірімізге еніп, жақын арада кетпейтінін түсінуіміз керек», - дейді сарапшы.

Сондықтан, дәрігер қазір ұстануға міндеттелген нормаларды тұтас өмірлік нормаларға айналдыруды ұсынады.

«Біздің айналамызда инфекция көп. Біз туберкулез микобактериялары мен СПИД вирусы бар әлемде өмір сүріп жатырмыз. Әлі де тіршілігімізді жалғастырып келеміз. Енді барлық ұсынылған шараларды сақтау керек. Тиісінше бұл коронавирустың екінші толқыны ағынын азайтады. Одан қашып құтылмайтынымыз анық. Біз тек қарапайым шараларды сақтай отырып, оның деңгейін төмендете аламыз. Қандай да бір ғажайыпты күтудің қажеті жоқ. Вакцина бізге әлі жеткен жоқ. Вакцина тезірек жасалады деп үміттенеміз. Бірақ біз толық зерттелмеген вирусқа вакцина жасаудың тосын жайттарға, беймәлім реакцияларға толы болатынын түсінуіміз керек. Сондықтан жақын күндері вакцина келеді деп үміттенуге әлі ерте», - деп пікір білдірді Рафаиль Қыпшақбаев.

Соңғы жаңалықтар