#ЖақсылықЖаса: Қостанайда «Тегін такси» акциясы жүріп жатыр

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облыстық және қалалық мешіттердің қызметкерлері аязды күндері тұрғындарға тегін такси қызметін көрсетіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидрометтің» мәліметінше, ақпан айының екінші жартысында солтүстік облыстарда аяздың табы сақталады. Соған байланысты Қостанай облыстық және қалалық «Жайлаубай ата» мешіті «Тегін такси» қайырымдылық шарасын бастады.

«Бұған дейін «Жақсылық жаса» акциясына Қазақстанның бүкіл өңірінің жастары белсенді түрде атсалысты. Көпбалалы отбасыларға арнайы шот ашса, кейбірі тұрмысы төмен отбасыларға көмір түсіріп, азық-түлік, киім-кешек әперіп, көмектесуде. Елордамыздағы барлық мешіттерде «Астана - мейрімді қала» жобасы аясында біраз ізгілікті дүниелер жасалды. Бұл өте жақсы үрдіс. Имамдар да мұны қолдап, «Тегін такси» шарасын өткізіп жатыр», - дейді мешіттің баспасөз қызметі.

Үскірік аязға қарамай тұрғындарға тегін қызмет көрсетіп жүргендердің ішінде қостанайлық такси жүргізушісі Самат Батыржанов та бар. Ол тұрғындарды қажетті жеріне тегін жеткізіп салады.

«Қазір зейнет жасындамыз. Қол бос. Аязды күндері көлігіммен мешіт алдына келемін. Өтіп бара жатқан кісілерді тоқтатып, қызметімді ұсынамын. Кейбірі шынымен таңғалып жатады. Осындай сауабы мол акцияны бастаған имамдарға ризамыз. Суық қайтқанша осы шарада белсенді қатысамын», - дейді ол.

Бұған қоса мешіт ұжымы тамақтандыру жайын да қарастырған. Келушілерге дастархан жайып, ас-ауқат үлестіруде.

null

Соңғы жаңалықтар