#ЖақсылықЖаса: Қарағанды тұрғыны балаларға ағылшын тілін тегін үйретпек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласының тұрғыны көпбалалы отбасы балаларына ағылшын тілін ақысыз үйреткелі отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанадағы бес баланың өлімі туралы естігеннен кейін Ерлан Рахымов қайырымды істі қолға алуды ұйғарыпты. Оқу орталығының 35 жастағы жетекшісі қаражаты аз отбасылардың балаларына осындай мүмкіндік беріп отыр.

«Астанадағы жағдайдан кейін жағымсыз ақпарат тым көп болып кетті. Бір жағынан, бұл - өте қайғылы жағдай. «Балық бергенше, қармақ бер» дегендей, мен аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына ағылшын тілін үйрету дұрыс деп шештім. Осы көмегім балалардың келешекте университетке түсуіне жол ашады деген сенімдемін. Менің мектебімде 4-5 топ бар. Әрбір топқа 1-2 баладан алуға дайынмын», - дейді Ерлан Рахымов.

Қарағандылық жігіт игі бастамасы жайлы өзінің фейсбук парақшасында жазды.b Қазірдің өзінде оқуға ниет білдіргендер бар болып шықты.

«Сал ауруына шалдыққан кішкентай қыз хабарласып, мұндай мүмкіндікті баяғыдан бері аңсап жүргенін айтты. Біз оны онлайн режимде оқытамыз деп келістік. Сонымен бірге, үш ер бала топтарға қосылып, оқитын болды. Әлі де балаларды қабылдауға дайынбыз. Одан бөлек, бізде есепші, тігінші секілді мамандықты оқытатын курстар бар. Жақсылық жасай білсек, қоршаған айналамыз жақсара түсетін шығар. Бұл ісіміз болмашы ғана сияқты көрінер, бірақ тамшыдан теңіз құралады емес пе», - дейді ол.

Ерлан Рахымовтың айтуына қарағанда, Қазақстанда ағылшын тілін меңгеру деңгейі әлі де төмен. Тілді жетік біліп, еркін сөйлесе алатын адамдар көп емес.

Соңғы жаңалықтар