Жақсылыққа үлес қосқаным үшін қуанамын - 30 адамды құтқарған өрт сөндіруші

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Отанды қорғау қай заманда да біздің еліміздің азаматтарының қасиетті борышы болып келді. Әрқашанда Отан қорғашылармен бірге өрт сөндірушілерде қатар тұрады. Сондай батырларымыздың бірі – Көкшетау қалалық № 10 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Қайнар Тұраров, деп хабарлайлы ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі бейбіт күннің батыры Қайнар Тұраров ағымдағы жылдың ақпан айында ерлігімен көзге түсті. Сол кезде облыс орталығындағы көппәтерлі тұрғын үй өртке оранып, 100-де астам адам тілсіз жаудың құрсауында қалды. Тәжірибелі өрт сөндіруші төтенше жағдайды жою шарасына басшылық етті. Оның басшылығымен 120 тұрғын өрт ошағынан эвакуацияланып, 30 адам құтқарылды.

Өрт, су секілді тілсіз жаумен күресіп, адамдарға көмек беруге асығатын мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы салада тапжылмастан еңбек етіп келе жатқан Қайнар Тұраровтың өрт сөндіру қызметіндегі жұмыс өтілі 20 жылдан асты. Ол әр түрлі күрделі өртті сөндіруде жетекшілік етіп, табандылық пен ерлік танытты. Төтенше жағдай қызметіндегі ұзақ жылғы еңбегі мен қызметіне адалдығы үшін ол әр түрлі деңгейдегі бірнеше медаль және граммоталармен марапатталған.

Ол осы жауапкершілігі жоғары өрт сөндіруші мамандығын таңдағанына еш өкінбейді, керісінше адам өміріне араша түсетін қызмет деп мақтан тұтады.

«Мен үшін өрт сөндірушіден асқан мамандық жоқ. Біздерге азаматтарымыздың өмірі мен тыныштығы сеніп тапсырылған. Сондықтан, әр қашан жұмыстан үйге ораларда, бір адамның болса да, өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектескенім үшін қуанамын. Бұл менің ел азаматтарының алдындағы басты міндетім», - дейді өрт сөндіруші Қайнар Тұраров.

Бүгінде тәжірибелі өрт сөндіруші Қайнар Тұраров өзінен кейінгі жастарға мамандықтың ерекшелігі мен қыр-сырын үйретіп, тәлімгер болып жүр.


Соңғы жаңалықтар