Жақсылық жасау ұлтымыздың ұраны болуы тиіс – волонтер Әсел Мырзахметова

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде сирек ауруға шалдыққан, сондай-ақ дарынды балаларға көмек көрсетілетінін атап өткен болатын. Осыған орай батысқазақстандық ерікті, облыстық мәслихат депутаты Әсел Мырзахметова ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

Оның айтуынша, биылғы қаңтардың қазақ халқына ауыр тигені анық.

- Жаңа жылдан жақсылық күтіп отырған ешкім де осындай қасіретке тап болып, аза тұтамыз деп ойламағаны анық. Алайда әрбір қиындықтан кейін бір қуаныш болатынын ескерсек, келер күнге үміт арта білуіміз керек. «Сен шындық айтып тұрсаң да, адамдар әдемі өтірікке сенгісі келеді», - деп, Омар Хаям айтпақшы, адам барды көрмейді, іздегенін көреді. Сондықтан қазіргі күннен қоғам қандай көрініс іздесе, сол ошақтың ортасында болары хақ. Ол болашағы бұлыңғыр елдің немесе мүмкіңдігі мол мемлекеттің кейпінде де болуы мүмкін, - дейді Ә.Мырзахметова.

Оның пайымдауынша, Тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жыл ішінде бағымыз шауып, бәйге алған, тұрлауы шешілмей, тұралап қалған тұстарымыз да болды. Енді қазақ халқы елдің ертеңі үшін қам жеп, қолдан келген көмегін көрсетуі керек. Жақсылық жасап жарысу ұлтымыздың ұраны болуы тиіс.

- Әсел Қажиахметқызы, қазіргі таңда жастар алдында қандай мақсат-міндеттер тұр деп ойлайсыз?

- Әрбір жас қазақ азаматы жоғары білім алып, кәсіби маман болып сапалы қызмет көрсетіп, адал еңбек ете білсе, шіркін! Масылдық психологиядан арылып, сұранысқа ие мамандықты меңгеріп, сапалы өмір сүру позициясын ұстануы керек.

Қазақ халқы қашанда қаһарман, жастары жалынды, жігіттері жігерлі ел. Басына күн туғанда, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, біріге алатынын кешегі күн көрсетті. Алайда ерлік елдігімізден, батырлық бақытымыздан айырмау керек. Барлық іске байыппен барып, байсалдылық танытуымыз керек-ақ. Ең бастысы, тәуелсіздік – баға жетпес байлығымыз. Одан айырылып қалмай, баянды ету баршамыздың борышымыз болмақ керек.

- Өзіңіз ерікті ретінде қоғамдық қызметтерді атқарып келесіз. Балалар жылында нендей істерді тындыруға болады?

- Өткенсіз бүгін жоқ деген, өзім тәуелсіз ерікті ретінде төртінші жыл қызмет атқарып келемін. Өз командаммен бірге көбінесе жалғызілікті жандарға, мүгедек балалары бар отбасыларға қолұшымызды созамыз. Мысалы, пандемияға байланысты карантин жарияланған кезде үйінен шыға алмай, отырып қалған мұқтаж жандарға жәрдемдестік. Жаңа оқу жылы алдында көмекті қажетсінетін балаларға оқу құралдарын, киімдерді алып береміз. Өткен жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ай сайын отыз отбасыны қамқорлыққа алдық. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай алдымн сал ауруына шалдыққан балаларды атпен серуендеттік. Екінші күні жеткіншектердің бір тобын облыстық полиция департаментіне апарып, тергеушілер мен криминалистер, кинологтар жұмысымен таныстырдық. Бұл олардың бойында полиция қызметіне деген қызығушылықты оятты. Сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың кішкентай балдырғандарды кинотеатрға апардық. Осы үш топтың бәріне дастархан жайылып, тәттілер үлестірілді. Тәртіп сақшыларының көмегімен Тасқала ауданынан 85 бала Оралдағы «Светлячок» демалыс лагеріне келіп, серуендеп тынықты.

Жаңа жылдық мерекеге орай осындай іс-шаралар жалғасын тапты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалар жылында оларға барынша қолұшын созып, қарлығаштың қанатымен су сепкендей, қамқорлық таныта білуіміз керек. Бұл – менің өмірлік ұстанымым.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар