#Жақсылық жаса: Жамбылдықтар ауылдасына асарлатып үй салып жатыр

None
None
САРЫСУ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жаңаталап ауылының тұрғындары асарлатып, жалғызбасты анаға үй салып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш бастамаға Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Нұрхан Ақмағанбетов мұрындық болып, ұйымдастыру жұмыстарының басы - қасында жүр. Тіпті, құрылыс жұмыстарына ауылдықтармен бірге округ әкімдігі аппаратындағы қызметкерлер де білек сыбана кіріскен.

Аудандық "1 отбасы, 1 пәтер" жобасы бойынша қолға алынған қайырымдылық шарасына жаңаталаптықтар жаппай атсалысуда. Ауыл тұрғындары шама-шарқыларынша құрылыс материалдарына ортадан қаржы жинап, көп болып көмектесуде.

«Округімізде тұратын жалғызбасты ана Бейсенкүл Баймұратова кішкентай ғана тар үйде күнелтіп келеді. Осыны көріп ауыл болып білек сыбана кірісіп, апамызға жаңа үй салып беруді қолға алдық. Көрінген таудың алыстығы жоқ демекші, қабырғалары көтеріліп қалған үйге жуық арада Бейсенкүл апа кіріп, қоныс тойын тойлайтын болады»,- дейді ауыл әкімі Нұрхан Ақмағанбетов.

Қашанда қол көмектерін аямай, қамқорлық танытып келе жатқан ауылдастарына деген Бейсенкүл апаның айтар алғысы шексіз. Ол жаңа үйіңе ертерек кіруді армандайды.

Соңғы жаңалықтар