#Жақсылық жаса: Жамбыл тұрғыны 7 баласы бар анаға пәтер сыйлады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат -Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында 4 ұл, 3 қыз өсіріп отырған көпбалалы ана Әсел Құрманова баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алтын алқалы ана мен балалардың тілегінің орындалуына кәсіпкер Құрбан Изалов себепкер болды.

Құрбан Изалов - аудан аумағына қарасты Көкқия тау шатқалынан алтын өндіріп жатқан «Golden compass Jambyl» ЖШС-нің басшысы. Ол жалғызбасты ананың тұрмыс жағдайын ескеріп, Луговой ауылынан пәтер сатып алған. Кәсіпкер аудан әкімі Ерболат Садырқұловпен бірге арнайы барып, Әсел Құрмановаға пәтердің кілтін салтанатты түрде табыс етті.

7 баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Әсел Құрманова осыған дейін Қарақыстақ ауылында пәтерден пәтерге көшіп келіпті. Жергілікті жұртшылық Әселдің отбасылық жағдайын түсініп, қолдарынан келгенше жақсылығын аямаған. Енді, қасиетті Рамазан айында баспаналы болып, қуанышқа кенелген келіншектің жомарт жанға, қарақыстақтық ағайынға айтар алғысы шексіз.

Айта кетейік, бүінде Т.Рысқұлов ауданында баспана алу кезегінде 622 адам тіркелсе, оның 100-ге жуығы көпбалалы аналар. 552 отбасынан 880 бала мектепте ыстық тамақпен қамтылып, жаз маусымында 200 бала тегін демалыс лагеріне жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар