#Жақсылық жаса: Алматылық еріктілер аутизмге шалдыққан балаларға көмектесті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Ашық жүрек» жобасы аясында еріктілер мұқтаждық көріп отырған көпбалалы отбасыларға көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гүлдана Қалдыбаева - төрт баланың анасы. Бұл отбасы жақында Шымкенттен Алматыға көшіп келді.

«6 жыл бұрын отағасы қайтыс болды. Үш балама да аутизм деген диагноз қойылды. Сондықтан, ауылда тұра алмадым. Балаларға білім алу қажет, емдеу керек. Аружан қызым - 12 жаста, Еркебұлан - 10 жаста, Жасұлан - 7 жаста. Үш баламның үшеуі де «Асыл Мирас» оңалту орталығында білім алып жатыр», - деді Гүлдана Қалдыбаева.

Гүлдананың тұңғышы Меруерт Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің 2 курс студенті. Қазір жалғызбасты ана мүгедек балаларымен пәтер жалдап тұрып жатыр.

«Әлеуметтік баспана мәселесімен әкімдікке бардым. Олар тұрақты мекенжайға тіркелген соң 3 жыл өту керек деген талап қойды. Келесі жылы кезекке тұруға тырысамын. Қазір балаларым өз беттерімен тамақ ішеді. Сөйлеспейді. Бір заттарды ыммен түсіндіруге тырысады. Түс ажыратады. Бұл прогресс «Асыл мирасқа» келгелі басталды. Қазір ақылы түрде инемен емдеу терапиясын алып жатырмыз», - деді Гүлдана Қалдыбаева.

Науқас балалармен әлеуметтік педагогтар жұмыс жасап жатыр. Балаларды арнайы көлікпен алып кетеді.

«Мен жұмысқа шыға алмаймын. Мына балаларға күтім керек. Олар ауырса да кезекпен ауырады. Үлкен қызым үнемі оқуда», - деді анасы.

Еріктілер бұл отбасыға аздаған азық-түлік әкеп берді. Сондай-ақ, үйдегі жарық шамдарын энергия үнемдейтін шамдарға ауыстырып берді.

«Жастар жылы жарияланғанда біз «Ашық жүрек» жобасын таныстырдық. 8 бағыт бойынша жұмыс жасайтын боламыз. «Отбасы» бағыты - көпбалалы мұқтаж отбасының балаларын қолдауға бағытталған. Қазір Алматы бойынша осындай отбасылардың тізімін жасап жатырмыз. Болашақта оларға азық-түлік киім кешек жағынан көмектесетін боламыз», - деді «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының үйлестірушісі Әльфия Хайбулина.

Алматылық еріктілер лигасында 10 мыңға жуық адам жұмыс жасап жатыр.

Соңғы жаңалықтар