Жақсылық Үшкемпіров: Тәуелсіздіктің 25 жылдығына спортшыларымыз Рио Олимпиадасында 25 медаль сыйласын!

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Рио Олимпиадасының басталуына 32 күн қалды. Осы орайда грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, әлем кубогінің иегері, даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровпен сұхбаттасып, Олимпиадада кімдерге үміт артатынын сұрадық.

- Жақсылық аға, Лондонда бір емес, жеті алтын алып, айды аспанға шығардық. Биыл Риода сол жетістікті қайталауға қауқарымыз жете ме?

- Лондондағы жетістік Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған аса ірі жетістік. Егер Алла қалап, сол жетістікті спортшыларымыз Риода қайталап жатса, одан асқан қуаныш та, той да, мереке де болмасы анық. Бірақ, биыл сол жеті алтынның ауылы алыс бізге. Себебі, Лондонда бір емес, төрт алтын алған чемпиондарымызды жарыстан шеттетіп тастады. Бұл деген қазірдің өзінде төрт медальдан айырылып отырмыз деген сөз. Бұл біздің елдің командасы үшін осыған дейін болмаған аса ауыр жағдай. Бұл «допинг» деген бәле спортшыларды ғана емес, қазақ елін есеңгіретіп тастады. Алғаш естігенде төбемізден жай түскендей болдық. Бұл мәселе біздің Үкіметке дейін жетті. Бұл сұмдық жағдай. Антидопингтiң Бүкiләлемдiк агенттiгi (WADA) неге Олимпиадаға санаулы күндер ғана қалғанда осы мәселені қозғай қалды? Неге, ұсталған спортшылардың басым бөлігі біздің спортшылар? Неге, тек чемпиондарымызды жарыстан қақты? Мен әлі түсіне алмай жүрмін. Мұның ар жағында бізге түсініксіз бір саясаттың жатқанын ішім сезеді...

- Биыл жеті алтынның ауылы алыс деп айтып кеттіңіз. Сіздің жорамалыңыз бойынша қанша медальдан кем болмауы керек?

- Әрине, қанша көп медаль алсақ соншалықты жақсы. Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы. Осы айтулы мерекемізге спортшыларымыз 25 медаль сыйласа өте керемет болар еді. Және солай болуын тілеймін. Солай болсын деп спортшыларымызға ағалары, аталары және спорт ардагері ретінде ақ батамды бергім келеді. Жолдары ақ болып, алдыңғы отыз елдің ішінен орын алып қайтуға тілектеспін. Қандай дода болса да, алтынның салмағы ауыр болады. Алтын тұғырдан көрінетін қыз-жігіттеріміз қатары көп болсын.

- Ал, нақты «Мен осы спортшыдан үміт күтемін» деп кімдердің аты-жөнін атай аласыз?

- Олимпиада ойындары деген ел мен елдігіміздің, жігер мен намысымыздың сынға түсетін ең қызықты да күрделі жарыс. Сондықтан бүгін жекелеген спорт түрлеріне ғана тоқталып, жекелеген спортшыларды ғана айтудың керегі жоқ. Ел атынан 100 спортшы бара жатса, оның барлығынан үміт күтуге болады. Себебі, барлығы елдің атынан бара жатыр. Ол жерде менің және сенің намысыңды қорғауға бара жатқан ешкім жоқ. Барлығы өз әлдеріне қарай, шамаларының келгенінше Қазақстан деген тұтас бір елдің намысын қорғауға бара жатыр. Сол үшін «анау, мынау ғана медальға лайықты» деп спортшыларды алалауға, бөліп жаруға болмайды. Мүмкін, сол спортшылардың ішінде біз білмейтін, халыққа әлі толық таныла қоймаған, бұрындары есімі елеусіз спортшыларымыздың бағы жанып, ойламаған жерден чемпион болып кетуі де әбден мүмкін. Солай болады да...

- Онда қоржынымызға көбірек медаль салады-ау деген спорт түрлерін атап кетсеңіз?

- Бұрынғы Олимпиадаларға қарап отырсақ, боксшыларымыз бірде бір Олимпиададан құр қайтқан жоқ. Кемінде бір алтын дәстүрге айналып қалды. Биыл да спорттың бұл түріне деген елдің ықыласы бөлек. Ал ауыр атлеттеріміз Бейжіңде бір алтын, Лондонда төрт алтын әперіп, мерейімізді тасытты. Бірақ, олардың биыл жағдайы қиын. Басты медальға үмітті дегендердің жолын қиып, жарыстан шеттетіп тастады. Оның біз үшін аса ауыр жағдай екенін жоғарыда айттым. Бірақ, басқа да зілтеміршілеріміз жаман емес. Құр қайтпайтыны анық. Жеңіл атлеттеріміздің ішінде Ольга Рыпакова бастаған саңлақтарымыз бар. Өзге де спорт түрлерінен таланттар шығады деген үміттемін.

- Сонау 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында грек-рим күресінен өзіңіз жарқ етіп чемпион болып, Алаш жұртының абыройын әлемге таныттыңыз. Содан бері де отыз алты жыл өтті. Осы аралықта күрес түрлерінен әлі бір қазақ баласын көре алмай армандап жүрміз. Риода бақ сынайтын балуандарымыз туралы айтпай кетуіңіз мүмкін емес...

- Ол заман өте қиын еді. Қазіргі біздің спортшылар қай жағынан алып қарасақ та бақытты! Мен кезінде 15 республиканың атынан біріккен команда атынан бардым. Ал қазір біздің әр спортшы Тәуелсіз қазақ елінің атынан, көк байрағын жамылып барып жатыр. Бұл бүгінгі Тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің арқасы. Енді, осындай бақытты өмірде, жайлы қоғамда чемпиондардың шықпауы мүмкін емес. Алдағы уақытта оның да куәсі боламыз деп сенейік. Ал грек-римнен бара жатқан үш балуанымызға тек сәттілік тілеймін. Нұрмахан інімнің (Тінәлиев-автор) Лондонда жолы болмады. Бабы келіспеген шығар. Бағы шаппаған болар. Ол кезде бір жағы жас та болды. Міне, биыл орда бұзар отызға жақындап қалды. Жасы 28-де. Әбден толысты. Күш-жігері нығайды. Енді, Риода барын салып, жүлдегерлер қатарынан көрінеді деген үміттемін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар