Жақсылық Үшкемпіров спортқа қалай келгені жайлы: Шаңғымен сырғанау бойынша сынақтан өтпей қалдым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кеше тамыздың 2-сі күні 70 жасқа қараған шағында, грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек ерi, «Барыс», «Құрмет» «Парасат» ордендерінің иегері Жақсылық Әмiрәлiұлы Үшкемпiров өмірден өтті.

Осыған қарай, ҚазАқпарат қазақ спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар азаматымыздың e-history.kz/kz порталына берген мына бір сұхбатын оқырмандар назарына қайталап ұсынуды жөн көріп отыр.

Жақсылық Әмірәлиұлы, спортқа қалай келдіңіз?

– Спортпен кездейсоқ айналысып кеттім. Бәрі дене шынықтыру пәнінен тапсырмаған сынақтан басталды. 1968 жылы Семей қаласындағы зооветеринарлық институтқа оқуға түсіп, сол жылдың күзінде дене шынықтырудан шаңғымен сырғанаудан сынақ тапсырдық. Одан өтпей қалдым. Жамбыл облысында суық қыс болмағандықтан, шаңғы тебу үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Тәжірибе және тиісті дағдылар жоқ еді. Бұл туралы еркін күрес бойынша жаттықтырушы Владимир Ливенхаймен ақылдастым. Қазіргі таңда ол кісі Ресейде тұрып жатыр.

Оның айтуынша, егер мен еркін күрес бойынша бір жігітті жеңсем, Владимир аға сынақ тапсыруға көмектеседі. Сол жігітті, тағы біреуді, тағы да бір жігітті жеңдім. Мұны көрген Ливенхай он бес күннен кейін өтетін институт турнирі туралы хабарлады. Егер бұл жарыста да өзімді жақсы жағынан көрсетсем, маған көмектесетіні туралы айтты. Арада 15 күн өтіп, турнирде бағымды сынап, 1-орынды иелендім. Жаттығуларға көп уақыт жұмсадым. Бір жарым жылдан кейін ересектер арасында жеңімпаз атандым. Осылайша спортқа бет бұрдым.

– Демек, осы оқиғалардан соң Кеңес Одағының біріншілігіне қатыстыңыз ғой?

– Қазақстан жеңімпазы атағын алған кезде ұлы спортшы Әбілсейіт Айханов аға жаттықтырушының міндетін атқарып жүрді. Ол кісі мені Кеңес Одағының чемпионатына алмады.

– Әбілсейіт Айханов өз шешімін қалай түсіндірді? Жүрегіңізде ол кісіге деген өкпе-реніш пайда болды ма? – Мен жас болғандықтан, Әбіке аға чемпионатқа қатысатын спортшылардың қатарына мені қоспады. Барлық қарсыластарым өте тәжірибелі болатын. Мені қазақстандық біріншілікте кездейсоқ жеңді деп шешті. Бұл еркін күрес бойынша алғашқы чемпионатым болған еді, сондықтан менің орныма басқа бір спортшы Кеңес Одағының жарысына қатысты. Әрине, жүрегімде реніш пайда болды, алайда ол туралы ешкімге тіс жармадым. Алға ұмтылу керек деп шештім. Уақыт өте келе бұрынғы өкпе-реніштің ізі де қалмады...

– Одан кейін сіздің кәсіби мансабыңыз қалай құрылды?

– Бұдан соң Алматы қаласындағы жаттығуларға бардым. Бұл жерде Қазақстан спортшылары Кеңес Одағының чемпионатына дайындалып жүрді. Аға жаттықтырушы — Владимир Яковлевич: «Жәке, өз бағыңды сынап, классикалық күреске қатысып көр!» – деді. Алматыдағы жаттығуларға көптеген қазақ жігіттері қатысты. Ал бір айдан кейін классикалық күрес бойынша Қазақстанның жеңімпазы атағына ие болдым. Міне, содан бері классикалық балуанмын...

– Сіз үшін ең күрделі жеңісіңіз туралы айтып өтсеңіз...

– Ең қиыны, 1980 жылғы Олимпиада ойындарындағы жеңіс, өйткені психологиялық жағынан қатты қысым жасалды. Еш кедергілерге қарамастан, бірінші болып атану – үлкен мақтаныш болды.

– Кеңес Одағы кезеңінен бері спорт қаншалықты өзгерген?

– Біздің кезімізде Олимпиадаға қатысу үшін іріктеуден өту өте күрделі болған еді. Қазіргі таңда кедергілердің саны азайды. Лондон қаласында спортшыларымыз 7 алтын медальді иеленді. Бұл қандай керемет жетістік!

– Жақсылық Әмірәлиұлы, отбасыңыз жайында айтып берсеңіз...

– Менің шынайы аты-жөнім – Әміралиев Жақсылық Үшкемпірұлы. Бір жолы Интернет желісінде жөнім және тегімнің орындары ауысып жазылған еді. Менің әкем – Үшкемпір, ал мен Әміралиев Жақсылық Үшкемпірұлымын. Әмірәли – менің атам. Отбасымызда үш бала бар: мен, әпкем, қарындасым. 1976 жылы шаңырақ көтердім. Алланың құдіретімен үш ұлым дүниеге келді. Мен Мәскеудегі Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен күні үшінші ұлым да дүниеге келді. Олимпиада символының (аю) құрметіне жұбайыммен бірге баламызға Миша атын қойғымыз келді. Дегенмен, Жеңіс есімін бердік. Қазіргі кезде Жеңіс 35 жасқа келген, төрт ұлы бар. Сонымен бірге, үлкен ұлым Жандос та бар. 40 жастағы ортаңғы ұлым Елдос екі ұлы мен бір қызын тәрбиелеп отыр. Бүгінде мен жеті немеремнің атасымын.

– Қазіргі кезде немен айналысудасыз?

– Өзімнің азды-көпті шаруашылығым бар. Ортаңғы ұлым Елдос менімен бірге Балқаш, Жамбыл аудандарында жұмыс істейді. Мысалы, бүгінгі күнге дейін 100 атқа таңба бастырудамыз. Бір аптадан кейін жылқыларды жайлауға көшіреміз. Жалпы санағанда, шаруашылығымда 100 адам еңбектеніп жүр, олардың әрқайсысына жалақысын төлеп отырмын. Шөп шауып, оны көмекке мұқтаж адамдарға таратып беремін. Қазіргі кезде 25 адам өз кезегін күтіп отыр. Жамбыл облысындағы Мыңбаев ауылында спорт залы және 100 балаға арналған балабақша аштым. Менің ойымша, молшылықта тұратын әрбір тұлға қасындағы адамдарға көмектесуге міндетті. Мысалы, егер әрбір азамат бір ағаштан отырғызса, қандай керемет болар еді! Біз дамыған 50 елдің қатарына кіріп, әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің біріне де айналуымыз керек. Бұл үшін бір-бірімізге қол ұшын беріп, қолдау жасауымыз қажет.

– «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қалай түсінесіз?

– Менің ойымша, спортпен айналысу — ұлт денсаулығын сақтау. Мысалы, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бар. Меніңше, 50 емхананың орнына 50 спорт кешенін салу керек. Өздеріңіз көзге елестетіп көріңіздерші, қаншама адам спортпен айналысып, өз денсаулығын нығайтар еді. Сонымен бірге, еліміздегі спорттың деңгейі де арта түсер... Жасым 64 келгенде, өзімді жас жігіт секілді сезінемін, өйткені үнемі спортпен айналысамын. Ең басты тілегім – соғыс өрті қайта тұтанбасын! Өміріміз мәңгі болсын! Мен үшін осының бәрі «Мәңгілік Ел» ұғымын білдіреді.

– Қазіргі жас буынға айтар кеңесіңіз...

– Біріншіден, әркім өз Отанын сүю қажет. Күрес алаңына шыққан сайын, елім үшін бірінші болсам деп армандадым... Жас кезде ақшаны ойламаған едік. Осы идеологияны сақтап, оны жастарға жеткізуіміз керек: Құрметті адам болу үшін өз Отанына сүйіспеншілікпен қарау қажет.

– Жақсылық Үшкемпірұлы, сұхбатыңыздың соңында айтып қосарыңыз бар ма?

– Біздің тарихымыз жайында баяндайын деп едім. Әрбір жас адам Қазақстан тарихын білуі тиіс: өткеніміз, бүгінгі жағдайымыз, еліміздің ұлттық ерекшеліктері. Біз ең үздік мемлекетке айналуға тиіспіз! ТМД елдерінің арасында Қазақстан – ең көрікті, бақытты, бай республика. Жас адамдардың көзі ашық, көкірегі ояу. Барлығы жоғары білім алуда... Болашағымыз жас буынның қолында. Мен жастарға сенемін! Біз әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіреміз.

— Уақыт бөлгеніңізге алғыс білдіріп, зор денсаулық, мол табыс тілейміз!



Соңғы жаңалықтар