Жақсылық Досқалиев: Коронавирус - үш инфекцияның қосындысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус - үш инфекцияның қосындысы. Мұндай пікірді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус - 3 бірдей инфекцияның қосындысы. Біріншіден, вирус қанды ұйытады. Әсіресе, жіңішке, капилляр тамырлардағы қан ұйып, тромбоз (қан айналымының баяулауы) пайда болады. Адам малярия ауруына шалдыққанда оның денсаулығында дәл осындай симптомдар байқалады.

Екіншіден, бұл АИТВ (адамның иммунтапшылығы вирусы) ауруы сияқты адамның иммундық жүйесін бұзады. Індет ағзадағы инфекцияға қарсы тұратын Т және Б лимфоциттерді жойып жібереді.

Үшіншіден, тұмау сияқты адамның тыныс жолдарын, өкпесін зақымдайды. Ал өкпе – ашық орган және ол сыртқы ауамен тікелей байланысты. Сондықтан коронавирустың ең алғашқы зиян келтіретін нысанасы – өкпе. Кейін бауыр, бүйрек, жүректің жұмысын нашарлатады. Өкпе істен шыққаннан соң, адам ағзасында оттегі жетіспеушілігі пайда болады. Ал оттегіне өте тәуелді орган – адамның миы. Организмде 15 минут оттегі болмаса, ми қайта тірілмейді», - деді Жақсылық Ақмырзаұлы.

Хирург-трансплантологтың айтуынша, коронавирус бүйрек, бауыр және жүректің жұмысын бұзады. Дегенмен аталған органдар індет жұқтырып емделіп шыққанан кейін бірнеше жылдан соң сыр беруі мүмкін. Себебі бүйрек пен бауыр дерті ұзақ мерзімді аурулар қатарына жатады. Мәселен, бүйрек ауруы басталғаннан оның трансплантациясына дейін 3 жыл уақыт өтеді. Бұл аралықта науқас «Жасанды бүйрек» деп аталатын арнайы аппарат көмегі арқылы амалдайды. Ал бауыр дерті 3-4 жылға созылуы мүмкін және оны көп адам байқай бермейді.


Соңғы жаңалықтар