Валюта бағамдары:
    usd/kzt 465.38 eur/kzt 483.58

    rub/kzt 7.69 cny/kzt 64.95
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: +2+4℃
  Jańalyqtar  >

Жақсы болашақ ғылымның еншісінде - Үздік жас педагог

2022 жылғы 2 қазан, 22:15

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Шыңғыс Нұрғазы еліміздің Үздік жас педагогы атанды. Ол ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді түрде айналысып келеді. 28 жастағы маманның айтуынша, ұстаз көпжақты, білімді, ең бастысы өз мамандығын жақсы көруі керек. Сондай-ақ, қазір Қазақстанда білім мен ғылымды дамытуға көп көңіл бөлінуде деп санайды.

Шыңғыс Нұрғазы - Экономика және бизнес жоғары мектебі факультетінің экономика кафедрасының аға оқытушысы. Ғылыми қызметпен белсенді түрде айналысуда, философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесіне үміткер, Цукуба (Жапония) және Гранада (Испания) университеттері бағдарламаларының шәкіртақы иегері. Оның мақалалары ең көп оқылыммен ғылыми журналдарда жарияланды. Ол сондай-ақ Германия, Италия және Литвада ғылыми тағылымдамадан өткен ұстаз.

«Ары қарай даму, оқу және оқыту үшін мен ғылым және зерттеумен айналыса бастадым. Ұстаз болу оңай емес. Университеттің оқытушысы болу үшін кем дегенде магистр дәрежесі болу керек, алайда, ары қарай мәнсаптық өсу үшін PhD доктор болу және үлкен мотивация керек. Ұстаздық қызметте басқа салалардағы секілді өз қиындықтары болады. Бірақ, меніңше егер адам өзінің сүйікті ісімен айналысса, онда кездесетін қиындықтарды тәжірибе ретінде қарап, оларды оңай жеңеді», - дейді Шыңғыс Нұрғазы.

Ол қазір қоғамның білім мен педагогикаға деген қарым-қатынасы жақсы дамып келе жатқанын атап өтті.

«Қазіргі таңда ұстаздарға көңіл бөлініп келеді. Бұл жақсы үрдіс және ұстаздарға деген құрметті көрсетеді. Елімізде білім беру контентін қалыптастыру дегеніміз - сапалы білім мен жарқын болашақтың негізі. Біз шетелдің тәжірибесін алып, одан біздің қоғам үшін ең қажетті дүниелерді алуға тырысамыз. Елімізде жоғары білімнің сапасы артуда, университеттерге академиялық іс-қимыл еркіндігі беріледі және ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасы ұлғаюда. Сондай-ақ, бүгінде ғылыми саланы дамыту, оның нәтижелілігін арттыру мемлекеттің бірінші кезектегі және өзекті міндеттерінің қатарына кіреді. Бұл біз үшін үлкен қолдау. Жақсы болашақ ғылым мен сапалы білімнің еншісінде деп ойлаймын»,- деді ол.

Жас ұстаз сондай-ақ қалайша еліміздің үздік педагогы атанғанын айтты.

«Мен «Үздік жас педагог - 2022» байқауына өтінімдер қабылдау басталғанын естідім. Оған құжаттарымды тапсырамын деп шештім. Бұл процесс жеңіл болды, яғни, эссе жазып, соңғы бес жылдағы жетістіктеріңді көрсету қажет болды. Ол кезде байқауды ұйымдастырушыларға республиканың жоғары оқу орындары, арнаулы орта оқу орындары, жалпы білім беру және басқа да білім беру ұйымдарынан 4 мыңнан астам өтінім түсті. Менің кандидатурам «Үздік жас педагог - 2022» атағына лайық болып, осы атақты алуға мақұлданды«, - деді Шыңғыс Нұрғазы.

Сөз соңында ол барлық әріптестерін бүгінгі «Ұстаздар күні» мерекесімен құттықтап, оларға еңбектеріне сәттілік, шығармашылық табыс пен шабыт тіледі.

Айта кетейік, Қазақстанда «Ұстаздар күні» жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді.

Автор:

Думан Арғынгелді

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары