Жаһандық инфляция бұған дейін болжанған уақыттан да ұзақ болады – Ұлттық банк

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаһандық инфляция бұған дейін болжанған уақыттан да ұзақ болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Геосаяси тәуекелдердің іске асырылуы, жаһандық тауар жеткізу жолдары проблемаларының шиеленісуі, азық-түлік пен энергия ресурстары бағасының өсуіне байланысты әлемдегі сыртқы инфляциялық қысымның күшеюі, бағамның әлсіреуі инфляцияның барынша жоғары динамикасының басты себебіне айналады. Ұлттық банк ел экономикасына сыртқы шок салдарының таралуын алдын алу, теңгеге қысымды төмендету және теңгедегі активтерді қорғау іс-шараларын қабылдауда. Осы мақсаттар үшін биылғы жылғы 24 ақпанда Ұлттық банк базалық ставканы 13,5 пайызға дейін көтерді», - деді Ғалымжан Пірматов.

Оның атап өтуінше, геосаяси ахуал нашарлап, сыртқы тәуекелдердің жүзеге асуы жағдайында инфляция болжамы жоғарылау жағына қарай қайта қаралуда. Инфляцияның 2022-2023 жылдардағы нысаналы дәлізден жоғары болып қалыптасу тәуекелі де артып отыр.

«Осы жылғы ақпан айында жылдық инфляция барлық компоненттерінің қымбаттауы аясында 8,5-тен 8,7 пайызға дейін жеделдеді. Инфляцияға азық-түлік тауарлары үлкен үлес қосады. Оларға бағаның өсуі 10 пайызға дейін нан-тоқаш өнімдерінің, жармалардың, сүт өнімдер мен көкөністердің қымбаттауына байланысты жеделдеді», - деді ол.

ҰБ төрағасының айтуынша, азық-түлікке жатпайтын инфляция 8,5-тен 8,6 пайызға дейін өсті. Ақылы қызметтер 6,8-ден 7,1 пайызға дейін жеделдеді. Бұл бірқатар нарықтық қызметтер бағасының өсуіне байланысты.

«Энергия, металл және ауылшаруашылық өнімдері бағасының өсуіне байланысты жаһандық инфляция бұған дейін болжанған уақыттан да ұзақ мерзім болады және ішкі бағаларға қысым жасайды», - деді Ұлттық банк басшысы.


Соңғы жаңалықтар