Жаһандану заманында жастар үшін айқасуға тура келеді - Епископ Геннадий

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның православ шіркеу істері жөніндегі жетекшісі,  Қаскелең епископы Геннадий жаңа технологиялардың адам өміріне ықпалы қауіпті екенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезең осы ғасырдың басындағы өмірге мүлде ұқсамайды. Әлеммен бірге адамдар да қатты өзгеріп барады. Біз бұл өзгерістерді жастардың өмірін бақылай отырып, айқын байқаймыз. Ақпараттық технологиялардың дәуірі келді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары мен ең көп оқитын философ, теңдессіз ойшыл Маршалл Маклюэннің сөзін келтіргім келеді. Ол «Электр шынжыры уақыт пен кеңістікті жояды» деген еді, - деді Геннадий Каскеленский Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің панельдік отырысында.

Оның айтуынша, гаджеттерге деген тәуелділікке ауылдардың өздері душар болған.

«Ресейде өзен жағасындағы көркем ауылдардың біріне барғанымда қатты ойландырып тастаған бір жағдайға тап болдым. Негізі, осынау саяжайлы ауылға осыдан 10 жыл бұрын да барғанмын.  Шулаған балалардың көптігі сонша, оңашада еркін дұға етудің, жұмыс істеудің өзі қиынға соққаны есімде. Бүкіл көшелерде балалар толып жүретін. Міне, сол ауылға он жылдан кейін келіп, көшеде бірде-бір баланы кездестіре алмадым. Көшедегі егделеу бір кісіден «Балалар қайда?» деп сұрасам, балалар негізі бұрынғыдан да көп екенін, алайда олар көшеге шығып ойнауға гаджеттер мен компьютерден қолдары босамай жатқанын айтты», - дейді ол.

Оның айтуынша, балалар қазіргі заманда виртуалды әлемнің тұтқынына айналған.

«Трансгуманизмнің идеологтары ойға кірмейтін өзгерістердің келе жатқанын айтады. Мәселен, нейрокомпьютерлік желі компьютер мен адамның миын жалғастыра алатынын айтады. Ары қарай не болмақ? Біз әрбір адамның басына келетін өзгерістердің алдында тұрмыз. Ақпараттық технологиялардың, тіпті бес-алты жыл бұрынғы үлгілерін қазіргімен салыстыра алмайсыз. Қазір интернет жаңа мәдениетті құра алатындай дәрежеге жетті», - дейді епископ.

Міне, сондықтан Қазақстанның православ шіркеу істері жөніндегі жетекшісінің айтуынша, жаһандану заманында жастар үшін айқасқа түсуге тура келеді.

Еске сала кетсек, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі Астанада кеше басталған болатын. Алқалы жиынға барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, сонымен қатар беделді діни лидерлер, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысуда.

 

 

Соңғы жаңалықтар