Жабылған «Зерде» холдингінің қызметкерлері қайда жұмысқа орналасады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Министрлік таратылып жатқан «Зерде» холдингінің қызметкерлерін жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз хатшысы Ерхан Тәткен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бүгін ел Үкіметі «Зерде» холдингі» акционерлік қоғамын жабу туралы қаулы шығарған болатын.

«Ұсынылып отырған қаулы «Зерде холдингін» таратуды және оған еншілес ұйымдарды («Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Qazinnovations», «Astana Hub» технопаркі) тікелей Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағына өткізуді көздейді. Осылайша, ұлттық институттар мен «электрондық үкіметтің» ақпараттық инфрақұрылымын басқарудың оңтайлы жүйесі құрылады», - деп атап өтті Ерхан Тәткен.

Оның айтуынша, министрлік өкілетті органдармен бірлесіп, Үкіметінің шешімін уақытылы іске асыру үшін қажетті шаралар қабылдайды.

«Негізгі бағыт - жұмыстан босатылған қызметкерлерді барынша әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету. Яғни, олардың ведомство төңірегінде қызметке орналасуына жәрдемдесу», - деді министрліктің баспасөз хатшысы.

Еске сала кетейік, бүгін Үкімет «Зерде» холдингін жабу жөнінде қаулы қабылдады.

Бұл ведомствоны қысқарту жылына шамамен 3 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік беретіндігі айтылған болатын.

2016-2021 жылдары холдингтің жинақталып қалған шығыны 7 млрд теңгеге жетіп отыр.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде жеткілікті дәрежеде тиімді болмай отырған «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингін реформалау жөнінде тапсырма бергенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар