Зейнетке ерте шығатындар қатарында шахтерлер мен металлургтер, рентгенологтар бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Зейнетке ерте шығатындар қатарына шахтерлер, металлургтер, рентгенологтар және зиянды еңбек жағдайында қызмет етіп жүрген басқа да мамандар енеді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін елордадағы жоғары білім және ғылым форумынан кейін тілшілер Үкімет басшысының орынбасарынан шахтерлердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесіне қатысты сұрақ қойды.

«Жұмыс тобы ортақ консенсусқа келді. Премьер-Министр (шахтерлердің) 55 жастан зейнетке шығуы, кемінде 7 жыл еңбек өтілінің болуы, міндетті кәсіби зейнетақы жарналарының аударылуы сияқты алғашқы параметрлерді жариялап үлгерді. Сондықтан қазір бұл жұмыс аяқталып келеді», - деді Т. Дүйсенова.

Осы орайда ол жақын арада бұқаралық ақпарат құралдарына аталған санаттағы адамдардың зейнетақасына қатысты баяндайтынын айтты.

«Бұл тұрғыда зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жатқан адамдардың саны жайында толық мәлімет береміз. Осы санатта тек кеншілер ғана емес, сонымен қатар басқа салалардағы металлургтер, денсаулық сақтау саласындағы рентгенологтар, МРТ-да жұмыс істейтіндер бар. Себебі осы адамдар да медицина саласында күн сайын денсаулығына зиянды жағдайда қызмет етіп жүр», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, тиісті еңбек өтілі болған жағдайда шахтерлер 55 жастан зейнетке шығуы мүмкін. Қазір бұл өзгерістер 2024 жылдан бастап күшіне енуі ықтимал. Бұл ретте қаржыландыру көлемі есептеліп жатыр.

«Бұл мәселе шешілді, барлық негізгі шарттар, параметрлер кейінірек толық жарияланады», - деді Тамара Дүйсенова.

Бұдан бұрын Премьер-Министр Әлихан Смайылов қазір шахтерлерге ертерек – 55 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатқанын айтқан.


Соңғы жаңалықтар