Зейнетақыны пайдалану: ҚР Президенті шекті межені 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін көтермеуді тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру туралы шешімге қатысты көпшіліктің өтінішіне құлақ асты.

Шекті меже келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты көтеріледі. Зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті – азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін қажетті жеткілікті табыспен қамтамасыз ету. Сондықтан зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру жөніндегі шешім – негізінен осы бағыттағы дұрыс қадам.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды», - деп жазды Б.Уәли.

Еске салайық, 2022 жылдың 1 қаңтарынан біржолғы зейнетақы төлемін алудың жеткіліктілік шегі 1,8 есе көтерілетіні мәлім етілген болатын. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Александр Кононец аталған шекті мөлшер неліктен арттырылатынын түсіндірді.

Кейін зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты enpf-otbasy.кz платформасына үш күн ішінде өтініштердің рекордтық саны жолданғаны айтылды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі зейнетақы жинағын «Отбасы банк» депозитіне аудару мүмкіндігін түсіндірді.

Бүгін сенатор Нұрлан Қылышбаев Премьер-Министр Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты жеткіліктілік шегін арттыру мәселесін көтерді. Депутат Мемлекет басшысы зейнетақы есеп-шотынан артық жинақты алуға мүмкіндік берілетін азаматтар санатын біртіндеп ұлғайтуды тапсырғанын еске салды. Сенатор қазіргі таңда жеткіліктілік сомаларын көтеру тақырыбы қоғамда қызу талқыланып жатқанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар