Зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған заң Парламент қызметіне теріс әсер еткен жоқ - Сенат Төрағасы

None
None
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған заң Парламент қызметіне теріс әсер еткен жоқ.

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысынан соң, сессияның аяқталуына орай өткен брифингте журналистер сауалына жауап берген Сенат Төрағасы Қайрат Мәми осылай мәлімдеді.

«Зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған заңға Мемлекет басшысының қол қоймауын Парламентке теріс әсер етті деп айта алмаймын. Жалпы заң тұжырымдамалы түрде мақұлданды, тек ондағы нормалар 2014 жылдан 2018 жылға қарай ысырылды. Ал біздің сенаторлар талқылау барысында көтерген барлық мәселелерді Елбасы да қолдады және дәл сол мәселелер бойынша 2018 жылға дейін арнайы шаралар атқару жүктелді», - деді Қ. Мәми.

Сонымен қатар, спикер заң жобаларының Парламентпен қабылдану ерекшелігіне де тоқталды. Төрағаның айтуынша, егер Парламент депутаттарының қандай да бір ұсыныстары қосымша қаржылық шығындарды талап ететін болса, онда бұл ұсыныстар Үкіметпен келісіледі. Егер Үкімет оң бағаласа, онда бұндай ұсыныстар заң жобасына ене алады.

«Сенаторлар осыған ұқсас 20-ға тарта ұсыныстарды Үкіметке жолдаған еді. Олардан теріс қорытынды алынды. Сондықтан да, біз бұндай өзгерістерді талқыланған заңға енгізе алмадық. Дегенмен, барлық депутаттар зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған заң жобасын қолдады. Өйткені, ондағы мәселе тек әйелдердің зейнет жасын ұзарту ғана емес, зейнетақы қорларын біріктіріп, бірыңғай зейнетақы жүйесін қалыптастыру да қамтылған. Сондықтан да, депутаттар заңды қолдады. Елбасы да Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Жалпы Парламент зейнетақыны жаңғыртуға бағытталған заңды қабылдай отырып, әйелдер қауымының мүдделерін ескермеді дегенмен еш келісе алмаймын», - деді Қ. Мәми.

Соңғы жаңалықтар