Зейнетақы жүйесін жаңғыртатын заң Мемлекет басшысына екінші рет жолданды - Апталық шолу

None
None
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Аптадағы маңызды оқиғаның бастысы Қазақстандағы зейнетақы жүйесін жаңғыртудың жайына қатысты болды. Есте болса, бұған дейін Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының алдына барып, бұған қатысты Елбасы Қазақстан халқына Үндеу арнап, өзінің саяси шешімін жария еткен болатын. Президент, жалпы алғанда, қабылданған заңның қажеттілігін айта келе, бір ғана нормаға қарсылығын танытып, өзіне берілген конституциялық құқық арқасында заңды Мәжілістің қарауына жолдап еді.

Соған орай, осы аптада Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 11-бабының 1-тармағына Қазақстан Президентінің қарсылығы қаралды. Ал депутаттар алдында Мемлекет басшысының Конституция жол беретін құқығына қатысты Президент Әкімшілігінің Басшысы Кәрім Мәсімов баяндама жасады. «Жалпы, зейнетақы жүйесі туралы заңның маңыздылығы мен бағытының дұрыстығын Президент жоғары бағалады. Құжат аса маңызды әлеуметтік сипатқа ие. Сондықтан оның өзектілігі мен уақтылы қолға алынғаны ешбір күмән тудырмайды. Осыған байланысты заңға жалпы алғанда қолдау білдіргенімен, Елбасы заң жобасын қарау кезінде зейнетақы жүйесін реформалаудың барлық аспектілері ескерілмегенін айтты», - деді Мәжілісте Президент Әкімшілігінің Басшысы Кәрім Мәсімов. Атап айтқанда, Президент заңның әйелдердің зейнет жасын біртіндеп кезең-кезеңімен көтеру туралы нормаларына қатысты қарсылығын білдірген. «Сондықтан Мемлекет басшысы өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, Ата Заңның 44-бабы 2-тармақшасына сүйеніп, заңды Парламентке қайтарды. Президент заңның 11-бабы 1-тармағын жаңа редакцияда жазуды, мұны қайтадан қарастырып талқылау қажеттігін алға тартты», - деді Кәрім Мәсімов. Тарқатып айтсақ, Мемлекет басшысы әйелдердің зейнет жасын біртіндеп көтеруді 2014 жылдың 1 қаңтарынан емес, 2018 жылдан бастауды ұсынады. «Бұл барша отандастарымыздың мүдделерін жан-жақты ескере отырып, зейнетақы жүйесін жаңғыртуға жол ашады. Әрі азаматтарды, әсіресе зейнет жасына жақындаған әйелдерді әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Осының аясында Үкіметке де бірқатар тапсырмалар берілді. Айталық, атқарушы билік 7 маусымда жариялаған Елбасы Үндеуінде берілген тапсырмаларды заңнамалық қамтамасыз ету жайын ойластырады, сосын 2030 жылға дейінгі зейнетақыны жаңғырту тұжырымдамасын қабылдайды. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп дайындайтын құжатта Президент айтқанның барлығы көрініс табатын болады», - деді Кәрім Мәсімов. Мемлекет басшысының ұсынысын аз-кем талқылаған соң, заң нормасы дауысқа қойылып, нәтижесінде Мәжіліс Президент қарсылығына келісім берген болатын. Осыған орай, заң Мемлекет басшысының қол қоюына екінші мәрте жолданды. «Мәжілістің шешіміне сәйкес, заң енді бірден Президенттің қол қоюына жолданады. Егер біз Президенттің ұсынысына қарсы болсақ, онда құжат Сенатқа жолданып, Жоғары палатаның да пікірі сұралатын еді. Қазір оның қажеті болмайды, бірден қол қоюға жолданады», - деп түсіндірді депутат Гүлжан Қарағұсова.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының «жол картасы» бекітілді

Осы аптадағы Үкімет отырысында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қайта пысықталып бекітілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалған бағдарламада халықты жұмыспен қамтамасыз етудің тиімді жолдары қамтылып отыр. Бұдан бөлек, «жол картасында» жаһандық дағдарыстың құбылысына қарсы тетіктерді де іске қосу көзделеді. Құжатта жағымсыз сценарийге қарсы тұрудың басты үш бағыты айқындалған. Бұдан бөлек, «жол картасы» бұған дейінгі Қазақстанның қабылдаған һәм жүзеге асырған тәжірибелері негізінде оңтайлы жолдарды да қарастырып отыр. «Жалпы, бағдарламада халықтың әл-ауқатын жақсартудың түрлі тиімді тетіктері көрініс тапты. Бұл бүгіннен пайда болған дүние емес, өз тәжірибеміз бар. Мәселен, 2009-2010 жылдары «жол картасы» арқылы бірқатар кешен жүзеге асқаны белгілі, осыны бағдарламада қабылдадық», - деді министр лауазымында жиынға қатысқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова.

Бұдан бөлек, Үкімет отырысында парниктік газдар шығаруға квота бөлудің 2013 жылға арналған ұлттық жоспары талқыланды. Баяндама жасаған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, қазіргі таңда парниктік газдар бойынша квоталарды сатудың ішкі рыногын құруға қатысты негізгі ережелер бекітілген. Соған орай, шығарындының белгіленген шегін арттырғаны үшін көміртегінің қос тотығының әрбір тоннасы үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлемі белгіленді.
Ұлттық жоспарға сәйкес, биыл 178 кәсіпорынға жалпы көлемі 147 млн. тоннаны құрайтын шығарындыларға квота бөлініпті. «Бұлар - негізінен энергетика, көмір, мұнай және газ өндіру, сондай-ақ өнеркәсіп салаларының кәсіпорындары. Мұнымен қатар, 2013 жылға қарастырылған шығарындылар резерві 20 млн. тоннаны құрап отыр», - дейді Н. Қаппаров. Оның айтуына қарағанда, жүйенің өткен 5 айдағы қызметі барысында шешімін табуды қажет ететін бірқатар мәселелер алға шыққан. Осыған орай, қолданыстағы заңнама мен бірқатар Үкімет қаулыларын, сондай-ақ министрлік бұйрықтарын қайта пысықтап, түзетулер енгізу қажет етіледі. Жиын барысында сондай-ақ, өткен бес айдың қорытындысы туралы да сөз болды.

Парламент Үкімет есебін бекітті

Осы аптада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Онда Парламент Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2012 жылғы республикалық бюджет бойынша есептері қаралып, бекітілді. Тоқтала кететін жайт, 2012 жылғы республикалық бюджеттің шығыстары 99,3 пайызға немесе 5795,7 млрд. теңге сомасында атқарылған. 2011 жылмен салыстырғанда республикалық бюджет шығыстарының өсімі 668,4 млрд. теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, былтыр республикалық бюджеттің 41,6 млрд. теңгесі пайдаланылмай қалды. Оның 24,2 млрд. теңгесі бюджет кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес атқарылмай қалған. Қаржының ең көп игерілмегені Қоршаған ортаны қорғау, Төтенше жағдайлар министрлігіне (1,1 млрд.), Әділет (537 млн.) және Қаржы (23,6 млрд.), Ауыл шаруашылығы (2,4 млрд.), Ішкі істер (2,6 млрд. теңге) министрліктеріне тиесілі болып отыр. Ал Есеп комитетінің мәліметтеріне қарағанда, республикалық бюджет бірнеше мәрте түзетіліп, нақтыланғанына қарамастан орталық мемлекеттік органдар 41,8 млрд. теңге бюджет қаражаттарын пайдаланған жоқ. Есеп комитетінің төрағасы Аслан Мусиннің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар 50,5 млрд. теңгені игерген жоқ, оның 24 млрд. теңгесі бюджетке қайтарылды. Игерілмеген қаражаттардың жалпы көлемінің ішінде мақсатты трансферттер 17,8 млрд. теңгені, бюджеттік несиелер 8,6 млрд. теңгені құрайды. Бұдан басқа, Есеп комитетінің мәліметтері бойынша, өткен жылы квазимемлекеттік сектор субъектілері 21,8 млрд. теңгені игермеген. «Тұтастай алғанда, есепті кезең ішінде 114,1 млрд. теңге сомасындағы бюджет қаражаттары пайдаланылмай қалды», - деп түйіндеді А. Мусин.

Талқылап, Парламент қабылдағаннан соң Премьер-Министр Серік Ахметов Үкіметтің алдағы жоспары туралы да аз-кем әңгімелеген болатын. Алдымен Үкімет басшысы депутаттық корпусқа ашық та нәтижелі бірлескен жұмыстары үшін алғыс білдіріп, айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар атқарушы биліктің алдағы жұмысында ескерілетінін жеткізді. Сонымен қатар, Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа бюджеттік саясаттың тұжырымдамасы жасалғанын атап өтті. «Бұл тұжырымдаманың негізгі өзегі бойынша бюджеттік шығыстарды басқарудан нәтижелерді басқаруға көшетін боламыз. Оның басты қағидаттары алдағы кезеңдегі 2014-2016 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру барысында пайдаланылады деп есептеймін», - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Бұдан бөлек, С. Ахметов әлеуметтік саясатты қалыптастыру бағытында да үлкен жұмыстар атқарылғандығын атап өтті. Оның айтуынша, бұндағы басты бағыттар дайындалып жатқан әлеуметтік жаңғыру тұжырымдамасында қамтылған. Онда елдің барлық азаматтарына теңдей мүмкіндіктер, мемлекет пен жұмыс берушінің ынтымақты жауапкершіліктері қаралып отыр. Сол бағытта депутаттық корпус тарапынан көтерілген мәселелер көрініс тауып, мұқият зерделенеді. «Күзге салым Үкімет әлеуметтік жаңғырту тұжырымдамасын ҚР Президенті Әкімшілігіне ұсынады. Ал оған дейін біз осы мәселені депутаттық корпуспен, қоғамдық ұйымдармен, жалпы қоғаммен талқылайтын боламыз. Өйткені, бұл жұмыстар зейнетақы жүйесінің барлық тараптарын қамтитыны айқын. Әрине, онда бүгінгі күні қоғам тарапынан көтеріліп жатқан барлық мәселелер мұқият зерделеніп, қажеттісі қабылданатын болады», - деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы Серік Ахметов алдағы уақытта инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы қабылданатындығын, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша жұмыс жолға қойылатындығына сендірді. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасымен жұмыс жалғасатынын да атап өтті.

«Көріп отырсыздар, атқарылатын жұмыс аз емес. Дегенмен, ең бастысы, экономика өсімін қамтамасыз ету. 2013 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша экономика өсімі 5 пайыз шамасында болды. Әлемдік дағдарыс құбылыстары әлі де жалғасып жатқаны белгілі. Халықаралық нарықта да бәрі жақсы емес. Бізде де экономиканың негізгі секторында біршама төмендеу бар. Алдағы уақытта ішкі нарықты ынталандыратын тетіктер және біздің елімізде бар әлеуеттер экономиканы орнықты етіп, биылғы жылы 6 пайыздық өсімге қол жеткізуге септігін тигізеді деп сенеміз», - деді С. Ахметов.

Қазақ-Өзбек қатынасы жаңа көкжиекке көтерілмек

Осы аптада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға ресми сапары басталды. Мемлекет басшысының ресми сапарының бағдарламасы бейсенбі күні Өзбекстан Президентінің Көксарай резиденциясынан басталған-ды. Қазақстан басшысын ағайын халықтың риясыз көңілімен қарсы алған Өзбекстан Президенті Ислам Каримов кездесуде көршілес елдердің арасындағы сан қилы байланыстардың, екіжақты ынтымақтастықтың ойдағыдай дамып келе жатқандығына көңіл толатындығын білдірді. Сауда-экономикалық қатынастардың қарқыны арта түсіп келеді. Алайда, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті әлі де толық іске қосылмағаны белгілі. Кездесулер барысында осы мәселеге де назар аударылды.

Сапар аясында Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екіжақты келіссөздер өткізді. «Өзбекстан - біздің аймақтағы ең ірі мемлекет, оның біздің аймақтың барлық мәдени қабатына әсер ететін үлкен мәдени-тарихи дәстүрлері бар. Біздің ынтымақтастығымыз туындайтын барлық мәселелерді сындарлы түрде шешумен ерекшеленеді. Біз Қазақстан мен Өзбекстанның өзара іс-қимылының бірыңғай көзқарасынан көбіне аймақтағы тыныштық, қауіпсіздік және жалпы алдағы гүлденуіміз байланысты болатынын жақсы білеміз», - деді Н. Назарбаев екіжақты кездесуден соң. ҚР Президенті атап өткендей, бүгінгі сапар - екі мемлекеттің арасындағы мықты байланыстың кезекті дәлелі. «Сіздер аңғарған боларсыздар, жоғары деңгейдегі кездесулер дәстүрге айналуда, бұл - жақсылықтың нышаны», - деп атап өтті Н.Назарбаев. «Жұмыс сапары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Мәңгілік достық туралы келісімнің қол қойылғанына 15 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Мәңгілік достық туралы айтылғанда, онда ұсақ және достық емес актілер болмауы тиіс. Біз Қожа Ахмет Яссауи мазарының алдында, осы аймақта бірге өмір сүріп, өсіп-өнген және отбасыларын құрған аталарымызға тағзым ете отырып, құжатқа қол қойдық. Аталмыш маңызды құжат біздің мемлекеттер арасындағы тарихи достық қарым-қатынастың нығаюына негіз қалады», - деп түсіндірді Мемлекет басшысы.

«Бұл бағытта бүгін қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы келісім қазақстандық-өзбекстандық қарым-қатынастың жаңа парағын ашады. Мен сындарлылығы және аталмыш құжаттың қажеттілігін түсінгені үшін Ислам Әбдуғаниұлына үлкен ризашылығымды білдіремін», - деді Елбасы. «Біздің мәселелердің кең ауқымын талқылаған Ислам Әбдуғаниұлымен жүргізген келіссөздеріміздің қорытындысына қанағаттанғанымды білдіремін. Біз көтермеген мәселелер қалмады. Кеше бетпе-бет кездестік, бүгін біздің әріптестерімізбен шағын ауқымда жүздестік», - деді өз сөзін түйіндеген Мемлекет басшысы.

Келіссөздер қорытындысына орай, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар