Зейнетақы жинағын пайдалану тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді - Ошақбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кеше елімізде тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесі бекітілді.

Оған орай «Talap» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев аталған зейнетақы аударымдарын пайдалану ережесін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ережеге сәйкес, тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетіндер бір жолғы зейнетақы төлемін бір банктік қарыз шарты шеңберінде тұрғын үйді және (немесе) жөндеу жүргізе отырып тұрғын үйді сатып алуға арналған тұрғын үй қарыздарын ішінара немесе толық өтеу, ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру үшін бастапқы жарна енгізу үшін пайдалана алады.

«Бұл сіздің аталған ақшаны сатып алған үйіңізге ғана жөндеу жұмыстарына жұмсай аласыз дегенді білдіреді. Егер сізде жеке үйіңіз болса және біреулермен жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісімшарт жасассаңыз, онда қаражатты жұмсай алмайсыз. Егер сіз мәселен құрылыс компаниясынан пәтер сатып алсаңыз және онда жөндеу құны кіргізілген болса, онда қаражатты жұмсай аласыз. Және де сіз зейнетақы ақшасы есебінен жөндеу жұмыстарына төлем жасайсыз. Бұл шарттар көрсетілген келісімшарт ұсынатын шығарсыз деп ойлаймын», - деді Рахым Ошақбаев.

Сонымен қатар ипотекалық тұрғын үй қарызын ішінара немесе толық өтеу, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша жеке тұрғын үй салу (нысаналы мақсаты бар жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық), тұрғын үй қарызын алу ережесін де түсіндірді.

«Егер сіз жер сатып алып, сол жерге үй салғыңыз келсе, онда зейнетақы жинағын пайдалана аласыз», - деді ол.

Рахым Ошақбаев тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде берілген сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге қатысты мұндай келісімшарт болса зейнетақы жинағын алуға болатындығын айтты.

«Бұл заңға мойынсұнатын орта санаттағы азаматтарды ынталандыруға бағытталған Президенттің өте жақсы әрі дұрыс реформасы. Зейнетақы жүйесіндегі 761 мың қазақстандықта жеткілікті шек бар. Мемлекет үшін осынау зейнетақы қаражатының негізінен бастапқы тұрғын үй сатып алуға жұмсалғаны маңызды. Сол кезде экономика үшін қажетті позитивті, мультипликативті әсер болады. Енді баға өсімін шектеуге ұмтылған жөн», - деді Рахым Ошақбаев.


Соңғы жаңалықтар