Зейнетақы жинағын пайдалану: Пәтер алуда қандай кедергі бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Бастапқы тұрғын үйдің басым бөлігі зейнетақы жинақтарын алушылар үшін қолжетімсіз. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына орай ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Статистика деректері бойынша 2019 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 4,4 трлн теңгені, оның ішінде тұрғын үй құрылысының көлемі 881 млрд теңгені құрады. Сонымен бірге, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысушыларға жоғары талаптарға байланысты тұрғын үйдің негізгі көлемі «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның қолданыстағы талаптарынан тыс сатылады. Айталық, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-ның деректері бойынша республика бойынша 20 құрылыс салушы ғана (НұрСұлтан - 6, Алматы - 8, Шымкент - 1, Қарағанды - 1, Ақтау - 1, Атырау - 2, Ақтөбе қалалары - 1) 262 млрд теңге сомасына немесе жалпы көлемнің 1/3-інен аз нысандардың шекті санын салуға кепілдігі бар», - деді ол.

Оның атап өтуінше, құрылыс салушылардың деректері бойынша, аталған тұрғын үй көлемі іс жүзінде іске асырылды. Тұрғын үйдің қалған көлемі белгіленген қағидалардан тыс - броньдау, инвестициялау, резервтеу және өзге де шарттар арқылы сатылады.

«Осының салдарынан, бастапқы тұрғын үйдің айтарлықтай бөлігі зейнетақы жинақтарын алушылар үшін қолжетімсіз. Себебі оларды мақсатты пайдалану заңнамаға сәйкес жасалған тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттарымен ғана расталады. Осыны ескере отырып, тұрғын үй құрылысы нарығында бәсекелестікті дамыту үшін Ұлттық жоба аясында тауар нарығына кірудің негізгі кедергісі ретінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуышыларға қойылатын талаптарды азайту мәселесі пысықталып жатыр», - деді Серік Жұманғарин.

Еске салсақ, 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды.

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңартылған «жеткіліктілік шегі» жарияланды. Зейнетақы жинағынан алуға болатын сома БЖЗҚ сайтында автоматты түрде көрсетіледі.

23 қаңтардан Қазақстанда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталды. Арнайы порталда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталғалы үш сағаттың ішінде 4 мыңнан астам адам өтініш берді.

Соңғы жаңалықтар