Зейнетақы жинағын пайдалану: 3 күнде рекордты өтініштер қабылданған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы үш күнде зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты enpf-otbasy.кz платформасына өтініштердің рекордтық саны жолданған. Бұл туралы «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ-ның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәлім етілгендей, соңғы үш күнде біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) қолдануға enpf-otbasy.кz платформасы арқылы 46 мың өтініш жолданған. Тек 3 желтоқсандағы бір күнде қазақстандықтардан 16 мың өтініш түскен.

«Бұл жыл басынан бері БЗТ-ін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделу мақсаттарына алу мүмкіндігі туындаған уақыттан бастап, жолданған өтініштер көлемі бойынша рекордтық көрсеткіш.

Қалыпты күндері платформа арқылы 2 200 жуық өтініш қабылданады», - делінген таратылған хабарламада.

Қазақстандықтар тұрғын үйді толық сатып алу, екінші деңгейлі банктердегі және Отбасы банкіндегі ипотеканы ішінара төлеу мақсаттарын жиі таңдауда. Сондай-ақ зейнетақы қаражатының бір бөлігін туысқандарына аудару қызметі сұранысқа ие.

«Enpf-otbasy.кz платформасына артқан сұранысқа қарамастан, портал жұмысы еш кідіріссіз, штаттық режимде қызмет етуде. Желтоқсан айының соңына дейін оның көмегімен әр жас бойынша 2021 жылғы белгіленген жеткіліктілік шегі көрсеткіштері бойынша БЗТ-ін қолдануға болады. Қордағы қаражат Отбасы банкіндегі арнайы ағымдағы шотқа аударылғаннан кейін, оларды қолдануға 45 жұмыс күні беріледі. Осы уақыт аралығында БЗТ қолдану мақсатын таңдап/растап немесе өзгертіп үлгеруге болады», - деп нақтылады банктің баспасөз қызметінен.

2021 жылдың 3 желтоқсанындағы мәліметтер бойынша, зейнетақы жинақтарын осы күнге дейін 338 499 адам (жалпы көлемі 1,68 трлн теңге) қолданып үлгерді. Олардың дені ипотекаға жүгінбей тұрғын үй алған (171 598 адам). Біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдану бойынша Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау облысы мен Алматы қаласы көш бастап тұр. Ал Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары аса белсенділік танытпаған.

БЗТ қолданған азаматтардың орта жасы – 41. Гендер бойынша 68% ер кісілер.

338 499 қазақстандықтың 40% өздерінің тұрғын үй жағдайларын туыстары зейнетақы қорындағы жинақтарын толық немесе ішінара табыстағанының арқасында жақсарта алған.

«Қазіргі уақытта Отбасы банк қызметкерлері «ТҚЖ салымдарын БЗТ есебінен толықтыру» мүмкіндігін іске асыру бойынша жұмыс атқаруда. Аталмыш қызмет мемлекеттік органдар Біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдану ережелеріне енгізілген өзгерістер бекітілген уақыттан бастап қолжетімді болады», - делінген банк мәліметінде.

Еске салайық, 2022 жылы біржолғы зейнетақы төлемін алудың жеткіліктілік шегі 1,8 есе көтеріледі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Александр Кононец аталған шекті мөлшер неліктен арттырылатынын түсіндірді.


Соңғы жаңалықтар