Зейнетақы жинағын пайдалану: 2023 жылға ең төменгі жеткіліктілік шегі белгіленді

2022 жылғы 30 қараша, 13:40
Зейнетақы жинағын пайдалану: 2023 жылға ең төменгі жеткіліктілік шегі белгіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын пайдаланудың 2023 жылға ең төмен жеткіліктілік шегін белгіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қор мәліметінше, 2023 жылға белгіленген ең төмен жеткіліктілік шегі жас мөлшеріне байланысты 3-тен 10 миллион теңгеге дейінгі сома болады.

Келесі жылға ең төменгі жалақы 70 мың теңгені, ең төменгі зейнетақы 53 076 теңгені, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 341 теңгені, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрайды деп көзделген.

Бекітілген әдістемеге сәйкес, ең төменгі жеткілікті шек шамалары әр жас мөлшері үшін жеке анықталады және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін (индекстелуін) ескереді.

Нақтырақ айтқанда, ең төменгі жеткіліктілік шегі - бұл салымшының зейнетке шыққаннан кейін ең төменгі базалық зейнетақымен қоса ең төменгі зейнетақыдан кем емес жиынтық төлемдер алуы үшін шотында қалуға тиісті ең төменгі сома.

Осылайша, 2023 жылы 20 жастағы салымшы зейнетақы шотындағы 3 млн 260 мыңнан, 30 жастағы салымшы 4 млн 580 мыңнан, 40 жастағы салымшы 6 млн 100 мыңнан, 50 жастағы салымшы 7 млн 860 мыңнан, 60-62 жастағы салымшылар 9 млн 890 мыңнан асқан соманы мерзімінен бұрын пайдалана алады.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar