Зейнетақы жинағын баспанаға жұмсауға арналған онлайн-платформа іске қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың қаңтарында Отбасы банк тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалануға арналған онлайн-платформаны іске қосады. Бұл туралы туралы «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылдың қаңтар айынан отбасы тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында онлайн-платформаны іске қосу жоспарланған. Жоба ережелеріне сәйкес, клиент өтініш тапсырған кезде сол онлайн-платформада арнайы порталған кіріп, электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы авторизациядан өтіп, жеке кабинетке кіреді. Жеке кабинетте ол қаражатты қандай мақсатта пайдаланатынын таңдайды және сканерден өткізілген көшірмелер түрінде алдын ала дайындалуы тиіс құжаттардың тізімімен танысады. Әр мақсаттың жеке құжаттар тізімі бар», - деп түсіндірді Л. Ибрагимова Орталық комумникациялар қызметінде.

Осы орайда аталған порталда бүкіл тізім қамтылатынын атап өтті.

«Әрі қарай пайдалануға қажетті соманы көсету керек. Сонымен қатар, клиент мақсаты мен оған жұмсалатын соманы айқындағаннан кейін, «өтінім жасау» батырмасын басады. Бұдан кейін электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы қордан қаражат сұратуға өтінішке қол қоюы керек. Бұл тұрғыда арнайы орган оны тексереді, яғни «Отбасы банк» қарайды. Құжаттар дұрыс болса, ақша келісімшартта көрсетілген деректер бойынша аударылады», - деді банк басшысы.

Оның айтуынша, қажетті соманың бар екенін растайтын хабарлама келгеннен кейін, клиентке құжаттарды жүктеуге арналған терезе ашады.

Клиент белгіленген форматтағы (JPG немесе PNG) құжаттардың сканерлік көшірмелерін жүктеп, ақша аударылатын деректемелерді қолымен теруі тиіс. Деректемелер сканерленген құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келуі керек.

Құжаттарды жүктеп, деректемелерді жазғаннан кейін, клиент «өтініш жіберу» батырмасын басады.

Құжаттар арнайы шотқа қаражат түскеннен кейін, 45 жұмыс күні ішінде жүктелуі керек. Әйтпесе, олар БЖЗҚ-ға кері қайтарылады.

«Пайдаланушы БЖЗҚ-дағы шотынан қаражатты есептен шығару жөніндегі өтінім жібергеннен кейін, уәкілетті оператор қоса берілген құжаттардың дұрыстығы мен мақсатты пайдаланылуын тексереді. Сондай-ақ клиенттің Жеке кабинетіне ақша аударылғаны туралы хабарлама келеді», - деді Л. Ибрагимова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалануға қатысты түсінік берді.

«Зейнетақы жинағын алу туралы шешім қабылдаған адамдар тұрғын үй сатып алу және емделу мәселелері жөніндегі уәкілетті операторға (Отбасы банк) жүгіне алады. Уәкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкілетті оператордың арнайы шоттарына салу үшін аударуды жүзеге асырады», - деді Ж. Құрманов.


Соңғы жаңалықтар