Зейнетақы жинағымен баспана алуға мүмкіндік беретін тетіктер дайын - Сапарбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін-ертең зейнетақы жинағын баспана мен білім алуға жұмсауға мүмкіндік беретін нақты тетіктер Президент қарауына ұсынылады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет жанынан жұмыс тобы құрылған. Біз қазіргі уақытта ұсыныстар әзірледік, Президентке ұсынатын боламыз. Түпкілікті шешімді Президент қабылдайды. Бірнеше рет айтқанмын, тағы да қайталап айтамын. Зейнетақы жинағын пайдалану салымшы жинағының сомасына байланысты болады. Белгіленген норма бар. Яғни, біз тиісті есептеулерін шығардық. Біріншісі - бүгінгі күнге дейін жинақталған жинақ сомасы. Екіншісі – қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін қазақстандық қанша жыл өмір сүретіндігін есептедік. Яғни, салымшының есепшотында қанша жылға жететін жинақ болуы қажеттігін анықтадық», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның атап өтуінше, салымшы зейнетақы жинағынының белгілі бір мөлшерін баспана сатып алуға немесе білім алуға жұмсауы үшін оның есепшотында қалатын сома 75 жасқа дейін өмір сүруіне жеткілікті болуы қажет.

«Бүгін-ертең өз ұсыныстарымызды Президент әкімшілігіне береміз және Президент тарапынан шешім қабылданады», - деді Бердібек Сапарбаев.

Премьер-Министрдің дерегінше, 9 млн 600 мың салымшының 10 трлн теңге жинағы бар. Орташа есеппен бір салымшының есепшотында 1 млн теңге ғана жинақталған.

«Біздің есебімізше, салымшы зейнетке шыққаннан кейін жақсы өмір сүруі үшін есепшотында 11-12 млн теңге қаражаты болуы керек. Жалпы, әрбір қазақстандың жинағына қатысты нақты есебіміз бар», - деді ол.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке азаматтардың зейнетақы жинақтарын баспана алуға жұмсауын реттеуді тапсырған болатын.

Соңғы жаңалықтар