Зейнетақы мен жәрдемақыны индекстеуге қосымша 111 млрд теңге бөлінеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Зейнетақы мен жәрдемақыны инфляцияға сай индекстеу үшін қосымша 111 млрд. теңге бөлінеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжіліс депутаттарының алдында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықты әлеуметтік қамсыздандыруға 4 трлн. теңге қарастырылған. Ол былтырғымен салыстырғанда 230 млрд. теңгеге артық. Кеше ғана республикалық бюджеттік комиссия Үкіметпен бірге өте маңызды шешім қабылдады. Инфляция дәлізінің 8-10% деңгейінде өзгеруіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін тағы 4 пайыз индекстеу көзделіп отыр. Соның жиынтығында барлық әлеуметтік төлемдер 2021 жылмен салыстырғанда 9 пайыз, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері 11 пайыз артады», - деді Ералы Тоғжанов.

Айтуынша, аталған әлеуметтік төлемдер Қазақстан бойынша 4,2 млн. адамды қамтиды.

«Бұл мақсатқа нақтыланған бюджет аясында қосымша 111 млрд. теңге қарастырылды», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Еске салсақ, Мәжілістің жалпы отырысында атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге бағытталған заң бірінші оқылымда мақұлданды.

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов Мәжіліс депутаттарына инфляцияны тежеу бағытындағы шаралар туралы мәлімет берді.



Соңғы жаңалықтар