Зейнетақы мен жәрдемақыға индексация жасала ма – министрдің жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Инфляция жоспарланған дәліз деңгейінен асып кеткен жағдайда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері индексацияланады.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихаты барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюджеттік ұйымдардың жалақысына қатысты айтар болсам, өткен жылдың 1 шілдесінен бастап ол 30 пайызға көбейді. 2020 жылдың 1 қаңтарына бастап бюджеттік ұйымдардағы жалақы тағы да орташа есеппен 30 пайызға көтерілген болатын. Сондықтан, биылғы жылы бұл (бюджеттік ұйымдар қызметкерлері жалақысын индексациялау) бюджеттің мүмкіндігіне байланысты болады. Ал жеке ұйымдарды жалақыны көтеру немесе индексациялауға шақыруы біршама проблема тудыруы мүмкін. Біздің алдымыздағы мақсат – жұмыс орындарын сақтау, қазіргі жалақының уақытылы төленуі», - деді министр.

Сонымен қатар ол зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін индексациялау мәселесіне де тоқталып өтті.

«Егер инфляция деңгейі жоспарланған дәлізден шығып кететін болса, онда зейнетақы мен жәрдемақы көлеміне индексация жасалады», - деді Біржан Нұрымбетов.

Айта кетейік, еліміздің Ұлттық банк инфляция деңгейін 6,8 пайыздық дәлізде бекіткен.


Соңғы жаңалықтар