Зейнетақы мен жәрдемақы төлеудің жаңа талаптары қандай - маманмен сұхбат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары Қазақстанның әлеуметтік саласында, зейнетақы мен жәрдемақы төлеу жүйесінде елеулі өзгерістер орын алды. Әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұзарту мәселесі де өте өзекті болып отыр.

Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру қызметін үйлестіру орталығы филиалының директоры Біржан Жүнісовпен сұхбаттасқан еді.

- Біржан Уәлиұлы, қазір елімізде жаппай цифрландыру үрдісі жүріп жатыр. Бұл тұрғыда әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саласында қандай жұмыстар жүріп жатыр?

- «Азаматтарға арналған үкімет» қазақстандықтарға 621 мемлекеттік қызмет түрін ұсынады, оның ішінде зейнетақы және жәрдемақылардың 42 түрі бойынша қызмет көрсетеміз. Біздің корпорация цифрландыру процесінің көшбасшысы ретінде мемлекеттік қызметтерді оңтайландырып, автоматтандырып, ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Себебі «Цифрлық Қазақстан» аясында атқарылып жатқан іс-шаралар әлеуметтік мәселелерді де қамтиды. Мәселен, адамның өмірлік жағдайларына байланысты мемлекеттік қызметтерді кешенді түрде проактивті тәсілмен ұсынуға күш салып жатырмыз. Атап айтқанда, жарты жыл бұрын іске қосылған проактивті қызметке сәйкес жаңа босанған әйелдер бала тууға қатысты мемлекеттік қызметтерді перзентханадан шықпай-ақ ала алады. Яғни, телефон СМС-хабарламасы арқылы сәбидің куәлігін алып, балабақшаға кезекке қою ғана емес, бала тууға байланысты жәрдемақыларды рәсімдеу мүмкіндігі де қарастырылған. Әзірге 9 479 жас ата-ана бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды СМС арқылы рәсімдеуге тілек білдірген. Жыл соңына дейін тағы бірқатар әлеуметтік қызметтерді проактивті тәсілмен ұсынамыз.

- Тағы қандай қызметтерді проактивті тәсілмен алуға болады?

- Жоғарыда айтып кеткенімдей, қазірдің өзінде азаматтар бала тууға қатысты қызметтерді телефон СМС-і арқылы алып жатыр. Сондай-ақ, асыраушысынан айрылу, жұмысынан айрылу, жүкті болу мен босануға байланысты табысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау, «Алтын алқа»мен «Күміс алқа»иегерлеріне жәрдемақы рәсімдеу, мүгедектікті белгілеу жөніндегі қызметтерді және зейнетақы төлемдерін тағайындауға қатысты мемлекеттік кепілдіктерді проактивті тәсілмен ұсынуды жоспарлап отырмыз.

-  Осы күнге дейін еліміздің барлық зейнеткерлері үшін  базалық зейнетақы деңгейі бірдей еді, енді шілде айынан бастап, бұл төлемдер басқаша есептеледі. Бұдан басқа биыл зейнетақы жүйесіне тағы қандай өзгерістер енгізілді?

- Иә, расымен, 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай қайта есептеледі. Сәйкесінше, бірталай зейнеткерлер үшін төлем деңгейі айтарлықтай өседі. Осы уақытқа дейін базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына тең болғандықтан, зейнеткерлердің барлығы бірдей 15 274 теңге базалық төлем алатын. Енді тұлғаның 1998 жылғы 1 шілдеге дейінгі ынтымақты зейнетақы өтілі мен содан кейінгі жинақталған өтіліміне қарай базалық төлем жаңаша беріледі.

Бұл зейнеткерлер үшін тиімді және әділетті болмақ. Мәселен, егер адамның жұмыс өтілі болмаса немесе 10 жылдан кем болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әр жылдың жұмыс өтілі үшін базалық зейнетақы 2 пайызға өседі. Мысалы, 20 жылдық қатысу өтілі болса, базалық зейнетақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызын, 30 жылдық қатысу өтілі - 94 пайызды құрайды. Егер қатысу өтілі 33 жыл және одан да артық болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын, демек биылғы есеппен - 28 284 теңгені құрайды. Бір ескерлік жайт, мемлекеттік базалық зейнетақыны қайта есептеу процесі автоматты түрде жүргізіледі, сондықтан зейнеткерлерге ешкімге жүгінудің, ешқайда барудың, ешқандай құжат тапсырудың қажеті жоқ.

Сонымен бірге, биыл 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы 8 пайызға өсті, оның үстіне базалық төлемдердің де көтерілгенін ескерсек, қазір еліміздегі орташа зейнетақы мөлшері 70 мың теңгеден (70 537 теңге) асты, ал былтыр бұл көрсеткіш 65 мыңдай болатын. Сондай-ақ  осы жылы әйелдердің зейнет жасын алты айға көтеру үрдісі іске қосылды. Осы өзгерістер мен базалық төлемнің қайта есептелетінін ескерсек, бір айдан кейін орташа зейнетақы 80 мың теңгеден асатын болады. Мұндай көрсеткішке біз еліміздегі үш деңгейлі зейнетақы жүйесінің арқасында жетіп отырмыз. Яғни, қазір зейнетақы мәселесіне тек мемлекет қана емес, жұмыс беруші мен жұмысшы да жауапты.

- Сөз арасында биылдан бастап әйелдердің зейнет жасы ұзарды дедіңіз, осы тақырыпқа толығырақ тоқталсаңыз.

- Осы кезге дейін әйелдер зейнетке 58 жаста шығатын еді ғой, енді биылдан бастап зейнетке шығу жасы жыл сайын алты айға ұзарып отырады. Нәтижесінде, 2027 жылдан бастап әйелдер де ер адамдармен қатар 63 жаста зейнеткерлікке шығатын болады. Бұл 1960 жылдан кейінгі уақытта туған нәзік жандыларға қатысты мәселе. Осы жерде айта кетейін, әйелдер біздің фронт-офистерге жүгіну арқылы немесе [email protected] электрондық мекен-жайына жеке куәлігінің көшірмесін жіберу арқылы өзінің қашан зейнеткерлікке шығатынын анықтай алады. Жалпы, еліміздің зейнетақы жүйесі азаматтың еңбек өтіліне негізделгенін ескерсек, мұның арулар қауымы үшін тиімді екендігі анық.

- Ал әйелдердің зейнеткерлікке ерте шығу мүмкіндіктері бар ма?

- Әрине, әйелдердің зейнеткерлікке ертерек шығу жеңілдіктері сақталған. Мәселен, экологиялық зардабы мол аймақтағы әйелдер 45 жасында, ауыр жұмыс істегендер - 50 жасында, 20 жылдық еңбек өтілі бар көпбалалы аналар 53 жасында,сондай-ақ зейнетақы аннуитеті шартымен кез келген әйел азамат 50,5 жасында зейнетке шыға алады. Және қайталап айтамын, «Бейнетіне қарай зейнеті» демекші, зейнетақы көлемі еңбек өтілі мен зейнетақы қорына жинаған қаржысына қарай есептеледі.

- Еңбек өтілі маңызды екені түсінікті, бірақ бала күтімімен үйде отырып қалған аналардың жайы не болмақ?

- Жұмыс істемейтін аналарға еңбек және базалық зейнетақыны тағайындаған уақытта әр бала үшін 3 жыл, жалпы 12 жылдан аспайтын еңбек өтілі есептеледі. Ал бала күтімі бойынша демалысқа шыққан жұмысбасты аналарға зейнеткерлік жарнасын жоғалтпау үшін бір жыл көлемінде республикалық бюджеттен әлеуметтік төлем жасалады.

- Айтпақшы, баланың өмірге келуіне қатысты жәрдемақыларды анасының емес, әкесінің атына рәсімдеу туралы қоғамда қызу талас жүріп жатыр. Осының мән-жайы қалай?

- Негізі, бұл туралы пікір таластырғысы келген адамдар алдымен декреттік демалыс пен бала күтіміне байланысты демалысты ажыратып алуы тиіс. Декреттік - бұл жүктілікке және босануға байланысты демалыс, сондықтан мұндай демалыс тек қана қызметтегі жүкті әйелдерге беріледі, тиісінше декреттік төлемдер де соларға тиесілі.

Баланың бір жасқа толғанша күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақыларды анасының ғана емес, әкесінің немесе заңды түрде асырап алған адамның да атына рәсімдеуге болады. Бірақ бұл төлемдер баланың күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайында ғана тағайындалады. Ал кейбір әкелер жалақысы жоғары болғандықтан, жәрдемақыларды өз атына рәсімдеп, бірақ бала күтімі демалысына шыққысы келмейді, яғни ай сайынғы жалақысынан айрылғысы келмейді. Сіз айтып отырған қызу пікірталастар осы себепті туындайды. Сондықтан қайталап айтамын, бала күтімі бойынша жәрдемақыны анасының ғана емес әкесінің де атына рәсімдеуге болады. Бірақ мұндай жәрдемақы азамат жұмысынан бір жылға демалыс алып, табысынан қағылған жағдайда ғана тағайындалады.

Жұмысбасты, яғни әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы аналар немесе әкелерге бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемнің мөлшері олардың екі жылдық жалпы табысының көлеміне қарай есептеледі. Ал жұмыс істемейтін азаматтар үшін ай сайынғы жәрдемақы бекітілген мөлшерде төленеді: биылғы айлық есептік көрсеткішке сәйкес, бірінші балаға - 13 853 теңге, екіншісіне - 16 378, үшіншісіне - 18 879, ал төртінші және одан кейінгі балаға - 21 405 теңге.

- Әлеуметтік мәселе қоғамдағы ең өзекті және маңызды тақырыптардың бірі. Осы саланың маманы ретінде қатардағы азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Біз қазір «Еңбегіне қарай өнбегі» деген жүйеде өмір сүріп жатырмыз, сондықтан ерінбестен, еңбек ету қажет. Жұмысқа орналасқанда, міндетті түрде ресми келісімшарт жасасып, жұмыс берушіден зейнетақы жарнасын аударуды талап етіңіз, себебі бұл - сіздің қамсыз болашағыңыздың кепілі, қазіргі бейнетіңіздің зейнеті. Сондықтан жарнаны аудармас үшін табысты жасыру немесе тағы да басқа құйтырқы әрекеттер жасау арқылы адам ең алдымен өзін алдайтынын ұмытпауы керек.

Жалпы, біз әлеуметтік мәселелер бойынша бұқараны құлақтандыру мақсатында үнемі ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, БАҚ-та материалдар жариялап, дөңгелек үстелдер мен кездесулер, науқандар ұйымдастырудамыз. Сондай-ақ әлеуметтік мәселелер бойынша сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар 1411 нөмірі бойынша біздің корпорацияның байланыс орталығына хабарласа алады. Ақпараттық орталығымыз зейнетақымен қамтамасыз ету, әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру, еңбек қатынастары, жұмыспен қамту бойынша кеңес беріп, сонымен қатар мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған тұлғаларға онлайн-психологиялық кеңес беруге өтініштерді де қабылдайды.

- Әңгімеңізге рақмет.

Соңғы жаңалықтар