Зейнетақы активтерін басқару: Шетел компанияларына қандай талаптар қойылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенатта зейнетақы активтерін басқаруға рейтингі жоғары шетелдік еншілес ұйымдарды тарту ұсынысы талқыланды. Бұл ретте шетелдік компанияларға қатысты бірқатар талаптар қойылатыны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева қазіргі кезде қазақстандық басқарушы компанияларда инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы болуы керек екенін айтты. Сонымен қатар, олар капитал бойынша қосымша талаптарды орындап, өз қызметтерінде заң бұзуға жол бермеуі тиіс. Бұл тұрғыда олардың қазақстандық резидент ретінде ірі акционері болуы керек.

«Аталған талап қайта қаралатын болады. Зейнетақы активтерінің қомақты көлемін басқаратын, сондай-ақ Ұлттық қордың активтерін басқаратын белгілі шетелдік басқарушылар бар. Қазіргі кезде олар өздерін тиімді басқарушы ретінде танытып отыр. Сондықтан Қазақстан аумағында активтер бойынша шетелдік басқарушылардың мүмкіндігін кеңейтуді ұсынып отырмыз», - деді Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұл тұрғыда М. Хаджиева аталған басқарушы компанияларды іріктеу кезінде олардың инвестициялық әрі кредиттік рейтингілері басты назарда болатынын нақтылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке басқаруға беру кезінде қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін айтты.

«Зейнетақы активтері тұрғысында табыстылықты қамтамасыз ету үшін жеке басқарушы компанияларға қойылатын талаптарды жақсарту бойынша шара қабылдау керек. Бұдан бөлек, жекеменшік басқарушы компанияларды зейнетақы активтерін басқаруға жіберу критерийлерін кеңейту қажет. Оның ішінде зейнетақы активтерін басқаруға кредиттік рейтингі жоғары шетелдік еншілес ұйымдарды тарту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды», - деді ҰБ өкілі.


Соңғы жаңалықтар