Зейнетақы активтері қалай басқарылып жатыр- Данияр Ақышев жауабы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев зейнетақы активтерін сыртқы басқарушыны таңдау тетігі қағидаттарына қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Шын мәнінде, 2014 жылғы қазанда Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін 250 млн доллар сомасында Әзербайжан халықаралық банкінің облигацияларына өз бетінше (яғни сыртқы басқарушыны тартпастан) инвестициялаған болатын. Шығарылым офшорлық компания (Emerald Capital Limited) арқылы бір инвестор үшін ғана жабық тәсілмен ұйымдастырылды, сондықтан аталған құралдың нарықтық белгіленген бағасы мен әділ нарықтық құны болмады. 2016 жылдан бастап Ұлттық банк зейнетақы активтерін инвестициялау тәсілдерін түбегейлі қайта қарады. Зейнетақы активтері тек нарықтық жағдайларда ғана инвестицияланады. Бұл салымшылар жинақтарының жалпы кірістілігінің айқындылығын, сақталуын және ұлғаюын қамтамасыз етеді», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның атап өтуінше, 2017 жылғы тамызда зейнетақы активтерін басқару үшін сыртқы басқарушыларды тартуға мүмкіндік берген БЖЗҚ Инвестициялық декларациясы өзгертілді. Тиісінше, 2017 жылғы қыркүйекте Ұлттық банк басқармасы БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаратын шетелдік ұйымдарды таңдау қағидаларын (ашық түрде орналастырылды https://nationalbank.kz/?docid=710&switch=kazakh) бекітті. Сыртқы басқарушыларды таңдау барлық ықтимал қатысушылар үшін барынша айқын болып табылады. БЖЗҚ зейнетақы активтері үшін сыртқы басқарушыларды таңдау бойынша тендер туралы хабарлама Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланады, сондай-ақ нарық қатысушыларына Bloomberg және Financial Times сияқты мамандандырылған жүйелер мен басылымдар арқылы хабарланады. Сондай-ақ, тендерге қатысу үшін тізімі Ұлттық банктің және Ұлттық қордың активтері бойынша сыртқы басқарушылармен 18 жылдық жұмыс тәжірибесінде қалыптасқан 300 компанияға шақырту жіберіледі.

«Тендерге қатысушылардың кемінде 10 жылдық жұмыс тәжірибесі және басқаруында 25 млрд АҚШ долларынан кем емес балама сомада клиенттердің активтері болуы тиіс. Бұл ретте шетелдік басқарушы компаниялар тек индекстік инвестициялауды пайдалана алады, ол тәуекел мен кірістілік өлшемдері бойынша іріктелген қаржы құралдарының жиынын білдіреді. Аталған индекстерді дүниежүзінің жетекші қаржы ұйымдары (JP Morgan, Bank of America Merrill Lynch, Bloomberg т.с.с.) әзірледі. Тиісінше, аталған тәсіл инвестицияларды жеке алынған қаржы құралына немесе бір эмитентке шоғырландырудың мүмкін еместігін көрсетеді», - деді Данияр Ақышев.

Оның пайымынша, қолданылатын тәсіл жалпыға ортақ және сыртқы басқарушыларды таңдаудағы әлемнің үздік практикаларына сәйкес келеді. Сыртқы басқарушыларды таңдаудың осыған ұқсас процестерін Норвегия зейнетақы қоры және Сингапурдың Тәуелсіз әл-ауқат қоры сияқты қорлар қолданады. Ұлттық банк заңнамалық және реттеу нормаларының сақталуына талдау жасайды және ол сыртқы басқарушыларды таңдаудың ажырамас бөлігі болып табылады. Бұдан басқа, өткен жылдардағы барлық бұзушылық фактілері туралы, сондай-ақ мұндай бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу жөнінде қабылданған шаралар туралы ақпаратты сыртқы басқарушы міндетті түрде Ұлттық банкке тендердің өту кезеңінде жібереді.

«Дамушы нарықтардың жаһандық облигациялары» мандатының аясында әлемдегі жетекші инвестициялық компаниялардың бірі болып табылатын Aviva lnvestors басқарушы компаниясы тартылды. Aviva Investors басқаруындағы активтердің жалпы көлемі 478 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның Aviva plc бас компаниясының 320 жылдық тарихы бар. Aviva Investors басқаруындағы зейнетақы активтері дамушы елдердің неғұрлым орнықты облигацияларына инвестицияланады. Қазіргі уақытта Aviva Investors компаниясы БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару туралы жасалған шарт аясында өзіне алған міндеттемелерді  орындауда. 2013 жылы Aviva Investors компаниясы клиенттердің портфельдерін басқару кезіндегі мүдделер қақтығысымен байланысты ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесіндегі кемшіліктерді дербес анықтады. Зардап шеккен барлық клиенттерге Aviva Investors өтемақы төледі.  Aviva Investors компаниясының реттеу талаптарын бұзу фактісі Ұлттық банкке белгілі болатын және ол БЖЗҚ зейнетақы активтері үшін сыртқы басқарушы ретінде тағайындалғанға дейін болған», - деді ол.

Оның айтуынша, Ұлыбританияның қаржылық реттеу және қадағалау басқармасының есебінде кемшіліктер анықталған сәттен бері Aviva Investors компаниясы және оның жоғары басшылығы бақылау жүйесінің кемшіліктерін жою үшін айтарлықтай күш салғаны атап өтілген. Соның нәтижесінде осал тұстарды тексеріп, жою үшін айтарлықтай қаражат та бөлінген. Бұл тәуекелдерді басқару сапасының артуын қоса алғанда, едәуір жақсаруына әкелді, сондай-ақ басқару командасы жаңартылды.

Бұған қоса, Ұлттық банк Ұлыбританияның қаржылық реттеу және қадағалау басқармасының атына осы сәтте жойылмаған бұзушылықтардың болу-болмауы және Aviva Investors компаниясында қабылданған шаралардың жеткіліктілігін растау туралы сұраныс жіберген.

«Әртараптандыру қағидаттарына негізделген, зейнетақы активтерін шетелдік қаржы нарықтарында инвестициялаудың қолданыстағы стратегиясы талаптарында зейнетақы активтерінің күрт әрі толық құнсыздануы мүмкін емес.   Мысалы, АҚШ долларымен номинирленген, рейтингтік бағасы «АА+»-тен «ВВ»-ға дейінгі 29 дамушы ел шығарған 233 облигациялар шығарылымынан тұратын индекс Aviva Investors үшін дамушы елдердің облигацияларына инвестициялау бойынша эталондық портфель болып табылады. Бұл индексті Bank of America Merrill Lynch компаниясы әзірлеген және оны қадағалап отырады. Активтердің тиісінше сенімгерлік басқарылмағаны үшін жауапкершілік сыртқы басқарушыларға жүктеледі және тиісті шартта бекітілген. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару үшін тартылған барлық шетелдік басқарушылар активтерді тиісінше басқармағаны және ұқыпсыздықтан, міндеттемелерді қасақана орындамаудан немесе алаяқтық әрекеттерден туындаған зиян үшін жауапкершілікке тартылады», - деді Д.Ақышев.

Соңғы жаңалықтар