Зерттеу: Алматылықтардың 89,1% дін саласындағы мемлекеттік саясатты қолдайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы халқының 89,1% дін саласындағы мемлекеттік саясатты қолдайды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың қатысуымен өткен Дін істері басқармасының қалалық алқасында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында 9 айдың қорытындысы бойынша дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері қаралды.

Бүгінгі күні қалада 17 конфессияның 184 тіркелген діни бірлестігі жұмыс істейді. 115 ғибадат үйі қызмет көрсетеді, оның ішінде 52 мешіт, 20 православ шіркеуі мен соборлар. Дін саласында осы жылы 16 жоба іске асырылып жатыр. Оған 10 үкіметтік емес ұйым тартылды.

Конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету мақсатында Алматыда діни бірлестіктер көшбасшыларының клубы жұмыс істейді. Конфессиялар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің арасындағы сенімді қарым-қатынастарды дамытуға оң ықпал ететін түрлі мәдени, спорттық іс-шаралар мен жиналыстар өткізіледі.

Діни сауаттылықты арттыру, халықтың зайырлылық қағидаттарын және радикалды идеологияның зияндылығын түсіндіру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 63 мың адамды қамтыған 507 іс-шара өткізілді, бұл 2020 жылға қарағанда 80% көп.

Діни ахуалды бағалау бойынша әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сәйкес халықтың 89,1% дін саласындағы мемлекеттік саясатты қолдайды.

Алқа қорытындысы бойынша қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров конфессияаралық келісімді нығайту мәселелері бойынша рухани-түсіндіру жұмысын арттыруды, сондай-ақ экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерінде мемлекеттік органдардың барлық мүдделі ұйымдармен өзара іс-қимылын күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар, Дін істері басқармасы «Рухани жаңғыру» КММ және Алматы қаласы ҚМДБ филиалымен бірлесіп, азаматтардың туған өлкесін дамытуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, оның ішінде әлеуметтік нысандар, мектептер, медициналық мекемелер салу жөніндегі жобаларды іске асыруға, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған «Туған жер» арнайы жобасына меценаттарды тарту бойынша бірлескен жұмыс жоспарланды.


Соңғы жаңалықтар