Зергерлік бұйымдар нарығының 90 пайызы контрабанда - сенатор

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Ғұмар Дүйсембаев қазақстандық зергерлердің жұмысын қиындатып отырған кедергілер туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттыңсөзіне қарағанда, Қазақстан алтын өндіру бойынша әлемнің ТОП-20 елінің қатарына кіреді. Бірақ зергерлік отандық өндіріске алтынды негізінен ломбардтар мен көлеңкелі нарықтағылар жеткізіп келеді.

«Ресми статистикаға сәйкес, 2021 жылы елдің зергерлік бұйымдар нарығы 76 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде тек 4 млн доллардың тауарын, яғни 5 пайызын ғана отандық зергерлік бұйымдар өндірушілері өндірген. Қазақстан зергерлер лигасының бағалауына қарағанда, зергерлік бұйымдар нарығы 90% контрафактілік әрі контрабандалық өнімнен тұрады», - деді Ғұмар Дүйсембаев Сенаттың жалпы отырысында.

Сенатор еліміздің зергерлік өнеркәсібін дамытуға, яғни жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджет түсімдерінің өсуіне бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты.

«Осы орайда жұмысты көлеңкелі импортқа қарсы күресті күшейту және контрабанданы шектеу, ынталандыру шараларын енгізу арқылы қазақстандық зергерлік саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ломбардтардың пайдалануда болған зергерлік бұйымдарды тек қана ішкі нарыққа өткізуін міндеттеу, отандық зергерлердің құзыретін күшейтуді ұсынамын», - деді депутат.


Фото: img.youm7.com


Соңғы жаңалықтар