Зергер жасаған XVIII ғасырдың қару-жарақтары жұрт көңілін жаулап алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде белгілі зергер Берік Әлібайдың «Шеберлік пен шабыт» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков, суретшілер, қолөнершілер, зергерлер, көркем өнер колледжінің студенттері қатысты. Ардақ Райымбеков шет елдерде мұндай шара ұйымдастырып жүрген зергердің Қазақстандағы көрмесін Ертіс өңірінен бастап жатқанына ризалығын білдіріп, басқарманың атынан алғыс хат табыстады.



Тарихи-өлкетану музейі этнография бөлімінің жетекшісі Шолпан Абекеш Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерін арнайы шақырғандарын атап өтті.

«Көрме Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған», - деді Шолпан Абекеш. - Берік Әлібай халық арасында танымал. Туындылары көптің көңілінен шығып жүр. Сондықтан біз арнайы шақырып отырмыз. Өзінің авторлық туындылары мен жеке топтамасындағы бұйымдарды да әкеліп отыр. Атадан мұра болып келе жатқан XVIII ғасырдың қару-жарақтары мен өз қолымен жасаған сақина, білезік, түйме сынды асыл тастармен безендірілген заттар бар. Көрмеге 400-ге жуық бұйым қойылды. Сондай-ақ кей заттарды сатып алуға да болады».

Белгілі зергер Берік Әлібай шараның Павлодар облысының 80 жылдығына арналатынын жеткізді. - Құрметтеп шақырып, көрме ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, - деді Берік Әлібай. - Келген көпшіліктің қолынан өзімнің бұйымдарымды көріп қуанып тұрмын. Тамашалап келіп жатқандарға рахметімді айтамын. Халық көріп, бағасын бере жатар».

 Айта кетейік, Берік Әлібай Қазақстан дизайнерлер және суретшілер одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Карл Фабержье «Құрмет» орденінің иегері, «Мұсылман әлемінің құрметті зергері» орденімен марапатталған. Оның авторлық жұмыстары «Тәуелсіздік сарайындағы» этнография және қолданбалы өнер галереясында, ҚР Тұңғыш Президентінің Музейі қорларында, жеке коллекционерлер мен шетелдік галереяларда сақтаулы. 

Соңғы жаңалықтар