Зеренді ауданында 250 науқасты қабылдайтын емхана салынуда

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Зеренді ауданында 250 науқасты қабылдайтын емхана салынуда. Бұл туралы облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Зеренді ауданында болғанында айтылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Өңір басшысы алдымен Садовый ауылында орналасқан «Milk Project» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты сүт өңдейтін зауыттың цехтарында болып, өнімнің сапасына назар аударды. Серіктестік директоры Валерий Маначинский өз сөзінде шикізаттың аздығынан зауыт толық қуатына шыға алмай отырғанын алға тартты.

- Қазір таза өнім шығаратын зауытқа бәсекелестік жоқ. Көтерме сауда жасайтындар арзан өнім сатып алуға тырысып, ұнтақтан жасалатын сүт сатып алуда. Сондай-ақ, таза өнімді саудалауда кейбір мәселелер туындайды, - деді ол.

Бүгінгі таңда Садовый орта мектебінде екі ауысымдық мезгілмен 83 оқушы білім алады. Білім ошағына спорт залы да қосарлана салынған. Өткен оқу жылында бірінші сыныпта 4 оқушы болса, биыл мектеп табалдырығын 17 бүлдіршін аттамақшы. Бұдан бұрын мұнда жаңа мектеп салынады деп көзделген. Әзірше, оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуларына толық мүмкіндік бар. Осы орайда, облыс басшысы өз сөзінде алдағы уақытта бюджет қаржысы оңды-солды тиімсіз жұмсалмайтын, өңірде бұдан да жағдайлары төмен мектептер бар екенін атап өтті. Облыс әкімі Сергей Кулагин мектеп ұжымымен кездесіп, осы жағдайды жіліктеп түсіндіріп берді. Оқушылар саны көбейгенде, бұл мәселеге қайта оралатынын да жеткізді.

Одан соң өңір басшысы Шағалалы селосында орналасқан агробизнес колледжіне ат басын тіреп, оқу кабинеттерін аралап көрді. Мұнда негізінен, техник-механик, техник-электрик және агроном сынды ауыл шаруашылығына қажетті орта буын мамандары даярланады. Бұл білім ошағының түлектері жұмыссыз қалмайтын көрінеді. Облыс басшысы колледж ұжымымен кездесіп, бүгінгі таңда мектеп түлектері тек жоғары білім алуға талпынатынын, оқуды тәмамдағаннан кейін жұмысқа орналаса алмайтынын алға тартты.

"Қазір жоғары оқу орындары сұранысы жоқ мамандарды көп даярлайды. Ал, слесарь, дәнекерлеуші сияқты мамандар жетіспейді. Сондықтан әр салаға ауадай қажет мамандарды, әсіресе, жұмысшы мамандықтарын даярлауға бет бұру қажет. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары мен балалар үйінің тәрбиеленушілерін назардан тыс қалдырмау қажет. Осы бағытта мен сіздерді әрқашан қолдайтын боламын", деді өңір басшысы өз сөзінде

Шағалалы селосында «Балдырған» бала бақшасы жұмыс істейді. Мұндағы бүлдіршіндерді тәрбиелеу шығынын облыстық бюджет өз мойнына алған. Ата-аналар тек өз бүлдіршіндерінің тамағы үшін 6500 теңге төлейді. Облыс әкімі бала бақша ұжымымен кездесіп, хал-жағдайларын сұрап білді.

Облыс басшысы осы селодағы дәрігерлік амбулаторияда болып, дәрігерлермен жүздесті. Ауданда сегіз дәрігерлік амбулатория, жеті фельдшерлік-акушерлік пункт, бірқатар медициналық пункт жұмыс істейді. Олардың қарамағында 20 жедел жәрдем автокөлігі бар. Әрбір фельдшерлік-акушерлік пунктке 3-4 медициналық пункт қарайды. Өңір басшысы әр ауылдың тұрғындары жедел жәрдем қызметінен тыс қалмауы қажеттігін баса айтты. Шағалалы селосында облыстық онкологиялық диспансердің сырқаттарды оңалту және палмативтік көмек бөлімшесі жұмыс істейді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қасымжан Тәшметовтың айтуынша, өткен жылы бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, мұнда тұрақты күтімдегі науқастар үшін қолайлы жағдай жасалған. Облыс әкімі сырқаттармен кездесіп, қал-жағдайларын сұрап білді, сауығып кетулерін тіледі.

Өңір басшысы «Химик» және «Зеренді астық» серіктестіктерінің егістік алқаптарын аралап көрді. Зеренді селосында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің пайдалануға берілгеніне де біраз уақыт өтті. Бүгінгі таңда мұнда әртүрлі спорттық секциялар жұмыс істейді. Кешенді аралап көрген облыс басшысы спорттың жалпыхалықтық болуына назар аударды. Аудан орталығындағы «Арайлы» бала бақшасында болған өңір басшысы кезекте тұрған бүлдіршіндер санын сұрап білді. Олардың саны 300 көрінеді. Осыған орай, облыс әкімі жаңа бала бақша салғанда, болашақты болжау қажеттігін де ескертті.

Зерендідегі №1 орта мектебінің ұжымы ғимараттың іші жаз айларында ыстық, қыс айларында салқын болатынын жеткізді. Облыс басшысы бұл жағдайға мектеп терезелерінің үлкендігі себепші болып отырғандығын атап өтті. Сол жерде аудан басшыларына мектепті жылумен қамтамасыз етуді тапсырды.

Өңір басшысы аудан орталығында салынып жатқан 21 пәтерлік тұрғын үй мен ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана құрылыстарының басында болып, астаналық мердігерлерге жұмыс кестесінен кейін қалмауды шегелеп тұрып тапсырды. Аудандық орталық аурухананы аралап көрген облыс әкімі Сергей Кулагин кейбір мәселелерді сұрастырып білді. Өңір басшысы жұмыс сапарының соңында аудан активімен кеңес өткізіп, аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеевтің биылғы жылдың бес айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебін тыңдады.

Соңғы жаңалықтар