Зеренді ауданына жаңа әкім тағайындалды – Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев активке Зеренді ауданының жаңа әкімін таныстырды. Бұл туралы аудан әкімдігі әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен аудан әкімі болып Бауыржан Сейітқалиұлы Ғайса тағайындалды.

Бауыржан Ғайса 1972 жылы Көкшетау облысы Куйбышев ауданында туған. Білімі жоғары, 1996 жылы Челябі мемлекеттік агроинженер университетін «инженер-механик», 2006 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін «есеп және аудит бакалавры», 2014 жылы Кутно қаласындағы (Польша) мемлекеттік экономика жоғарғы мектебін «Еуропа Одағындағы мемлекеттің қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы жұмысшы қызметінен бастаған. 1992 жылдың сәуірінен 1994 жылдың желтоқсан аралығында Қостанай облысы Затобол кентінің «Күміс» шағын кәсіпорнында жұмыс істеді. 1994-2011 жылдары бірқатар жеке кәсіпорындардың басшысы болды.

2013 жылдың сәуір айында «Nur-Otan» партиясы Көкшетау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2014 жылдың наурыз айынан 2016 жылдың наурыз айына дейін «Nur-Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2016 жылдың наурыз айынан бастап 2018 жылдың маусым айына дейін Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы болды. 2018 жылдың маусымынан 2019 жылдың сәуіріне дейін - Ақмола облысы Қорғалжын ауданының әкімі.

Осы тағайындауға дейін Ақмола облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары - іс басқарушы лауазымын атқарды.

Таныстыру барысында, облыс әкімі Ермек Маржықпаев Бауыржан Ғайса мен аудан активінің алдына бірқатар нақты міндеттер қойды, олардың ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жолдарды жөндеу және салу, аудан экономикасы саласын одан әрі дамыту бойынша жобаларды іске асыру бар.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, жемқорлық дауына қалған Зеренді ауданының бұрынғы әкімі Берікжан Әбутәліпов өз еркімен қызметінен кеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар